Путинмен кездесуді талап еткен бұрынғы әскери қызметкер 11 тәулікке қамалды

Александр Лунин

Ресей билігіне қарулы бүлік жасаймын деп сес көрсетіп, Владимир Путинмен кездесуді талап еткен бұрынғы әскери қызметкер Александр Лунин 11 тәулікке қамалды. Оның алдында Луниннің үйін полиция тінткен.

Ер адамның қамалғанын бұған дейін Луниннің видеосын жариялаған телеграм-арна хабарлады.

“Бүгін маған Александрдың әйелі хабарласып, істің мән-жайын айтты. Александр аман-сау, оны әкімшілік іс бойынша 11 күнге қамады” деп жазды. Онда не себепті ұсталғаны айтылмайды.

Оның алдында Луниннің әйелі TikTok-та видео жариялап, кейін өшірген. Онда ол Лунин Мәскеуге аттанғаннан кейін оның Воронеж облысы Лизиновка ауылындағы үйін полиция тінтіп, компьютер, ноутбук, флеш-жинақтағыш және өзге де заттарды тәркілегенін айтқан. Оның сөзінше, Лунинның өзінен хабар үзілген.

Бейсенбі күні Александр Лунин Путинге видеомәлімдеме жасап, егер президент өзімен кездеспесе, өзіне телеэфирден сөйлеуге мүмкіндік бермесе, “әскер Кремльдің өзіне қарсы көтерілетінін” айтқан еді. Бұрынғы әскери қызметкер майдандағы ахуалды соғыстағы таныстарынан білетінін, ол жақтағылардан "адамдыққа жатпайтын қатынас" жөнінде көп хабар алып отырғанын жеткізген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұрынғы әскери қызметкердің мәлімдемесінен хабардар екенін, бірақ мазмұнымен “толық танысып үлгермегенін” айтты.