АҚШ президенті Дональд Трамп 28 желтоқсанда Флоридада Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесер алдында Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен. Ақ үйдің бастамасымен өткен телефон әңгімесі 1 сағат 15 минутқа созылған. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.
Ушаковтың айтуынша, Мәскеу Вашингтонның Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге қол қою үшін арнайы жұмыс топтарын құру жайлы ұсынысын қолдаған. Бұл топтардың форматы мен негізгі өлшемдері 2026 жылғы қаңтардың басында белгілі болмақ, алайда алғашқы топ қауіпсіздік мәселелерімен, ал екіншісі экономикалық мәселелермен айналысатыны қазірдің өзінде анық деді ол.
АҚШ президенті соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтағысы келетінін аңғартты деп мәлімдеді Ушаков. Бұған қоса Путин көмекшісі Вашингтон мен Мәскеудің ортақ пікірінше, Киев тарапынан жауапты шешім қабылданған жағдайда ғана соғыс қимылдары тоқтауы мүмкін деді. Бұдан бөлек, Ушаковтың сөзінше, АҚШ президенті Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталғаннан кейін "АҚШ пен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық үшін өте зор мүмкіндіктер көріп отырғанын" атап өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Зеленский: бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілдіАҚШ президенті Дональд Трамп 28 желтоқсанда Флоридада Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Келіссөзден соң екеуі Еуропа елдері мен НАТО басшыларымен де телефонмен сөйлескен.
"Біз көптеген мәселелерді талқыладық. Менің ойымша, біз бейбіт келісімге қол жеткізуге едәуір жақындадық, тіпті өте жақын қалдық", – деді Трамп. Зеленский "Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде біз ортақ түсінікке таядық" деп мәлімдеді және бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілгенін айтты.
Әйткенмен Трамп әлі шешілмеген бір-екі мәселе барын, соның ең күрделісі – жер мәселесі екенін атап өтті. "Украина қазір келісімге келгені жөн, әйтпесе ол тағы да жері мен адамдарынан айырылады", – деді АҚШ президенті. Ол Украина [жанжалды] реттеу мәселелерін жалпыхалықтық референдум арқылы немесе парламент мақұлдағаннан кейін шешуі тиіс екенін атап айтты.
Бұған қоса Трамп болашақта Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің негізгі бөлігі Еуропа елдеріне жүктелетінін тағы мәлімдеген.