Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов қарсылық ретінде гемодиализден бас тартты

Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов қарсылық ретінде гемодиализ процедурасынан бас тартты. Адвокаты жариялаған хатта ол өзінің заңсыз қамалғанын жазған. Бұған қоса, қамау орнындағы жағдай барлық нормаға қайшы деген.

"Бүгін таңертең Мараттың өзіне өте маңызды диализ процедурасынан бас тартқаны белгілі болды. Онсыз өліп кетуі
мүмкін" деп жазды адвокаты Айнара Айдарханова 5 қарашада
Facebook желісінде.

Хатта автор өзінің І топтағы мүгедек екенін және созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылғанын айтады. Қамау мекемесі әзірге белсендінің жағдайда ұатысты һһһһһһһһһһжауап бермеді.

Қыркүйектің басында белсенді Марат Тұрымбетовтің үйін арнайы жасақ тінтіп, өзін ұстап әкеткен еді. Адвокаттың сөзінше, ол “Алаяқтық” (190-бап) бабы бойынша күдікке ілінген. Істің мән-жайы жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Істі бас прокуратура жүргізіп жатыр. Бұған дейін сот оны қамауда қалдырған.

Марат Тұрымбетов қоғамдағы маңызды мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. Тамызда құрылтай сайлауы кезінде Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірін бақылап, онда тіркелген 1225 адамның небәрі 158-і яғни 11% ғана бюллетень алғанын жазған. Дауыс беру хаттамасын да жариялаған еді. Бұл жазба қоғамда қызу талқыланған. Бұл оқиғаның оның ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.

Тұрымбетов белсенділер Әлнұр Ілияшев және Санавар Закировамен бірге "Біздің құқық" партиясын тіркеуге күш салғанмен тіркете алмаған. Жергілікті билікке қоғамдық-саяси мәселелер жөнінде митинг өткізу туралы талай өтініш беріп, келісім ала алмаған. 2019 жылы мамырда Закирова мен Тұрымбетов Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы, Бостандық аудандық прокуратурасы, осы ауданның полиция басқармасы, қалалық полиция департаменті мен "Нұр Отанның" (кейін Amanat болып өзгерген) алматылық бөлімшесін сотқа берген. "Нұр Отан" өкілдері мұндай шағым партияның беделіне нұқсан келтіреді деп қарсы шағым түсіріп, сот олардың өтінішін орындады. Сот моральдық өтемақы ретінде белсенділерден 6 млн теңге өндірді.