Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетовтің қызы видеоүндеу жасады

Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетовтің қызы видеоүндеу жасап, ауыр диагнозы бар әкесінің қазіргі жағдайы туралы айтты. Бір күн бұрын Марат Тұрымбетовтің наразылық ретінде гемодиализ процедурасынан бас тартқаны белгілі болған еді.

Қызының айтуынша, қазір мәселе созылмалы бүйрек ауруының соңғы, ең ауыр сатысындағы әкесінің қамауда отыруының заңдылығында ғана емес, оның өміріне де тікелей қатысты.

«Ауыр созылмалы аурумен ауыратын, үнемі медициналық көмекке мұқтаж әкемнің қазір қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күресуге мәжбүр екенін мойындау маған ауыр. Жағдайдың алдын алуға болатын кезде, бір күні әкемнен айырылып қалғанымды білгім келмейді. Оның үйге оралып, отбасымен бірге болғанын және өзі үшін маңызды істермен айналысқанын қалаймын. Әкемнің қызметіне қатысты әркімнің өз пікірі бар екенін түсінемін. Алайда оған тағылған айыптарды негізді деп санамаймын. Оның мүгедектігі — елемеуге болатын нәрсе емес», — деп жазды қызы TikTok желісінде.

Қыркүйектің басында белсенді Марат Тұрымбетовтің үйін арнайы жасақ тінтіп, өзін ұстап әкеткен еді. Адвокаттың сөзінше, ол “Алаяқтық” (190-бап) бабы бойынша күдікке ілінген. Істің мән-жайы жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Істі бас прокуратура жүргізіп жатыр. Бұған дейін сот оны қамауда қалдырған.

Марат Тұрымбетов – қоғамдағы маңызды мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. "Утилизация алымына" қарсы қозғалыстың мүшесі болған. Тұрымбетов белсенділер Әлнұр Ілияшев және Санавар Закировамен бірге "Біздің құқық" партиясын тіркеуге күш салғанмен тіркете алмаған. Жергілікті билікке қоғамдық-саяси мәселелер жөнінде митинг өткізу туралы талай өтініш беріп, келісім ала алмаған. 2019 жылы мамырда Закирова мен Тұрымбетов Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы, Бостандық аудандық прокуратурасы, осы ауданның полиция басқармасы, қалалық полиция департаменті мен "Нұр Отанның" (кейін Amanat болып өзгерген) алматылық бөлімшесін сотқа берген. "Нұр Отан" өкілдері мұндай шағым партияның беделіне нұқсан келтіреді деп қарсы шағым түсіріп, сот олардың өтінішін орындады. Сот моральдық өтемақы ретінде белсенділерден 6 млн теңге өндірді.