Қамаудағы қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа жаңа айып тағылды

Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында. Шілде, 2026 жыл.

2022 жылғы Қарақалпақстандағы наразылық бойынша 16 жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовқа қосымша жаза берілуі мүмкін. Оған "мекеменің жұмысын бұзды" деген айып тағылған. Туыстары мен қорғау жағының сөзінше, оны түрме қызметкерлері арандатқан болуы мүмкін.

Белсендінің бауыры Ренат Тәжімұратов жуырда түрмеге барып, оны көре алмай қайтқан. Оның сөзінше, бауырының орнына шыққан тергеуші Дәулетмұрат Тәжімұратовқа жаңа айып тағылғанын айтқан.

"Дәулетмұратпен адвокаты кездесті. Жуырда Дәулетмұрат түрме қызметкерлерінің бірін ұрып жіберген. Кездесу кезінде адвокат одан "неге ұрдыңыз?" деп сұраған. Әдетте тұтқындар колонияда бастарын салбыратып жүреді. Бауырымның сөзінше, ол қызметкер бауырымнан басын салбыратып жүруді талап еткен. Әрине, бауырым одан бас тартқан. Ақыры екеуі сөзге келіп қалып, бауырым шыдамай, ұрып жіберген. Қызметкер ауруханаға түскен. Дәулетмұрат та соққыға жығылған" деді Ренат Тәжімұратов.

Оның сөзінше, оқиға жаңа қылмыстық істі қозғау үшін қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін. Бұл айып бойынша, Тәжімұратов 5-10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

"Тергеу аяқталуға жақын. Тергеуші жақын арада сот өтетінін жеткізді" деді Ренат Тәжімұратов.

Оның айтуынша, бұл оқиғаға дейін де Дәулетмұрат Тәжімұратов азапталған, оның алдында оны дауға тарту талпынысы да болған. Оның бірі Тәжімұратовтың мекеме бастығының орынбасарына бәтеңке лақтырумен аяқталған.

"Өзбекстан түрмелерінде тұтқындарды әнұран және патриоттық әндер айтуға мәжбүрлейді. Дәулетмұрат оны орындаудан бас тартқан. Колония бастығының орынбасары бауырыма "егер бәрінің алдында кешірім сұрамасаң, көптің көзінше намысыңа тиемін" деп қоқан-лоқы жасаған. Ал бауырым "не істесең, өзің біл" деген. Жиын кезінде мекеме бастығының орынбасары көптің көзінше бауырымның намысына тиген. Сол кезде Дәулетмұрат шыдамай, бәтеңкесін шешіп, оған лақтырады. Дөп тиеді. Тұтқынның офицерге бұлай істеуі қорлық болып саналады екен. Осыдан кейін Дәулетмұрат олар "енді менен кек алады" деп айтқан еді" деді Ренат Тәжімұратов.

Оның сөзінше, бауырын темір түйреуіш немесе шыбықпен азаптаған. Оның інісі Дәулетмұрат Тәжімұратовпен кездесуге барған кезде бауыры аяғын көрсеткен. Онда азаптау белгілері болған.

  • Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов — 2022 жылы шілдеде Конституцияға енгізілмек болған түзетулерге қарсы Қарақалпақстандағы наразылық қозғалысының жетекшілерінің бірі.
  • 2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты Дәулетмұрат Тәжімұратовты "конституциялық құрылымды құлатуға талпыну", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас еркіндігінен айырды.
  • Түрмеде отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың азаптауға ұшырағаны туралы мәлімдемелерін, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оны дереу қамаудан босатуға үндеген талаптарын Өзбекстан билігі елеусіз қалдырған.