2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшып мерт болған Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Қадырова 8 желтоқсанда әділдік іздеп Алматыдан Астанаға жаяу шықты. Өз айтуынша, мақсаты – "күйеуін атқан адамды тапқызу, әділдікке қол жеткізу".
"[Әділдік іздеп] жүгіріп жүргеніме төрт жыл болды. Атқан адамды тауып берген жоқ. [Органдарға] барған сайын "Кім атты?" деп сұраймыз. "Әскерилер атты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атуға бұйрық бергендіктен, ол бұйрық талқылауға жатпайды" дейді. Сонда күйеуімнің сұрауы жоқ па? Үш балам әкесін іздейді. Маған атқан адамды тауып берсін", – деді Алматыдан Астанаға баратын тасжолда кетіп бара жатып Qazaq Times тілшісіне сұхбат берген Шапағат Қадырова.
Әкімжан Бектұрғанның 2022 жылғы қаңтардағы қазасы бойынша, Қылмыстық кодекстің "билікті асыра пайдалану" бабымен іс қозғалып, жабылған. "Қазақстан халқына" қоғамдық қорынан марқұмның отбасына 7 миллион теңге бір реттік көмек берілген.
Шапағат Қадырованың айтуынша, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында жақындары қаза тапқан алматылық әйелдердің біразына тұрғын үй берілген. "Менің де балаларым әкесіз қалды, неге менің күйеуімді шетке ысырып тастайды?" дейді ол.
Қадырова сұхбат беріп тұрғанда олардың қасына полиция қызметкерлері келіп "Көмек керек пе?" деп сұрады, журналист "сұхбат жазып тұрғанын" айтқан соң тәртіп сақшылары кетіп қалды. Ол "қайырымды жандардың көмегімен" Астанаға жетіп, "әділдік іздейтінін" айтты.
Қадырова сияқты Қаңтар оқиғасы кезінде асыраушысынан, жақындарынан айырылған адамдар Алматы қалалық әкімдігі, бас прокуратура, президент әкімшілігі сияқты мекемелерге барып, әділдік іздеп келеді.
Мемлекет Қанды Қаңтарда кездейсоқ қаза болған жиыны 151 адамның отбасына 7 миллион теңгеден қайырымдылық көмек берген. Олардың кәмелетке толмаған әр баласына 2 миллион теңгеден берілген. Бұл ақша - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қорының атынан берілді. Қорға ауқатты кәсіпкерлер, ірі компаниялар ақша аударды. Жергілікті мемлекеттік органдар, компаниялар Қаңтар құрбандарына отбасына көмектесті деген ақпарат болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.