Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, Ресей бюджетіне мұнай мен газдан 420 млрд рубльдің кірісі түседі, бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 46 пайыз кем деп жазды Reuters.
Бұл – 2020 жылдың тамызынан бергі кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш дейді агенттік. Ол кезде коронавирус пандемиясы салдарынан отынға сұраныс күрт төмендеген болатын. Қазіргі кезде Ресей бюджетіне құйылатын барлық кірістің шамамен төрттен бірі мұнай-газ сатудан түседі.
Бұл есептер Ресейдегі мұнай мен газ өндіру көлемі, оларды өңдеу және ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу жөніндегі деректерге сүйеніп жасалған.
Ресейлік мұнай бағасы құлдыруы кірістің төмендеуіне негізгі себептердің бірі болып отыр. Былтыр желтоқсан айында мұнай 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 53 пайыз азайып, бір баррелінің бағасы 3073 рубльге дейін түскен.
Мұнайдан түсетін табыс кемігенін Ресей билігі де мойындап отыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, желтоқсан айында бұл кірістер 447,8 млрд рубльге дейін қысқарған (2024 жылы бұл көрсеткіш 790,2 млрд рубль болған).
1 ақпаннан бастап Еуропа одағы ресейлік мұнай бағасының белгіленген ең жоғарғы шегін төмендетпек: бұрын бір баррелі 47,6 доллар болса, енді 44,1 доллардан аспауға тиіс. Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағанына байланысты Батыс елдері ресейлік шикі мұнайға шекті баға енгізу жөнінде шешім қабылдаған.
Алғаш рет бұл шектеу 2022 жылғы желтоқсанда ресейлік мұндайдың бір барреліне 60 доллар деңгейінде белгіленген еді. Кейін, 2025 жылғы қыркүйектен бастап, ол 47,6 долларға дейін төмендетілді.