Қара теңізде түрік жүк кемесіне Ресей күштері шабуылынан Египет азаматы өлген

Қара теңізде жүрген ресейлік "Адмирал Эссен" фрегаты (көрнекі сурет)

22 маусымға қараған түні Ресей күштері Украина порттарына бет алған екі азаматтық сауда кемесіне шабуыл жасаған. Мұны Украинаны қалпына келтіру жөніндегі вице-премьер-министр Алексей Кулеба хабарлады.

Украинаның әскери теңіз күштерінің дерегінше, шабуыл салдарынан түрік компаниясына тиесілі, теңізде Панама туын іліп алып жүзіп жүрген Victress кемесінде өрт шыққан. Кемеде экипаждың тоғыз мүшесі - Египет, Түркия және Үндістан азаматтары болған.

Кулеба кемедегі тоғыз адамның бірі – 58 жастағы аспаз Египет азаматы қаза тапқан деп хабарлады. Экипаждың өзге мүшелері, оның ішінде Түркия мен Үндістан азаматтары эвакуацияланған. Кемеге елеулі зақым келіп, ол теңізде жүзуге жарамсыз болып қалған.

Marine Traffic сервисінің дерегінше, Victress кемесі 21 маусым күні Қара теңізде болған.

Бұған қоса, Ресей әскері Қара теңізде Палау және Белиз туларын іліп алып жүрген тағы кемеге де шабуыл жасаған, деп мәлімдеді Алексей Кулеба. Кемелерлер зақым келген, олар теңіз сапарын жалғастырған.

"Бұл Ресейдің кезекті соғыс қылмысы. Сауда кемелері мен гуманитарлық жүк тасымалдау жолдарына шабуыл жасау – жаһандық азық-түлік және экономикалық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді және халықаралық қауымдастықтан батыл жауап талап етеді", - деп мәлімдеді Кулеба.

Ресей тарапы бұл ақпаратқа байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін 19 маусымға қараған түні Ресей күштері Панама және Сент-Китс пен Невис туларын іліп алып жүзіп жүрген екі шетелдік азаматтық кемеге порттардан шығып бара жатқан кезде шабуыл жасаған. Сол кезде Кулеба хабарлағандай, шабуыл салдарынан Панама туымен жүзіп жүрген кеменің экипаж мүшесі қаза тауып, тағы екі теңізші жараланған, олардың бірі ауыр халде жатыр деген ақпарат тараған. Екінші кеменің экипажының үш мүшесі де жеңіл жараланған.

Ал Украина күштері ресейлік "тасадағы флотының" танкерлерін нысанаға алып жүр, ондай шабуылдарды Украинаның Ресей басып алған аумағындағы порттарға кірген кемелерге де жасаған.