Қарағанды облысында полиция спорт басқармасының басшысы қатысқан төбелесті тергеп жатыр

Жергілікті БАҚ Қарағандыда полиция облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, джиу-джитсу бойынша әлем чемпионы Дәурен Есімханов арасындағы төбелесті тергеп жатқанын хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға 21 қаңтарда Қарағандыдағы спорт мектебінде болған. Tengrinews-дің жазуынша, әуелі олар сөзге келіп қалған, кейін төбелескен. Соның салдарынан Сәпиев дене жарақатын алған, оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелген. Сәпиев те, Есімханов та оқиғаға түсініктеме бермеді.

Полиция 42 жастағы қала тұрғынының арызы негізінде қылмыстық іс тіркелгенін растады.

"42 жастағы Қарағанды қаласы тұрғынының өтініші бойынша ұру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтарда қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал болды. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр" деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облыстық әкімдігі жанжалдың себептерін анықтап жатқанын хабарлады.

Желіде "төбелес туралы видео" тарады. Ешбір тарап оған түсініктеме бермеді.

Серік Сәпиев – 2012 жылғы олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына жетекшілік етеді.

Дәурен Есімханов – самбо бойынша Азия чемпионатының жеңімпазы, World Games күміс иегері, джиу-джитсу бойынша әлем чемпионы. Қазір Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарады.