Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

Су-30СМ. Көрнекі сурет.

25 ақпанда Қарағанды облысында жоспарлы жаттығу ұшуы кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Бұл жөнінде қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұшақ экипажы уақытында катапульт арқылы секіріп үлгерген. Олар тірі, өміріне қауіп жоқ деді ведомство өкілдері. Жойғыш ұшақ құлаған аумақ қоршалған. Елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарына қатер жоқ.

"Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрды. Оған ұшу қауіпсіздігі департаментінің басшысы жетекшілік етеді. Оның құрамына авиация қызметі саласының мамандары кірген" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Тергеудің нәтижесіне қарай оқиғаға құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады деді ведомство.