Қарашығанақ операторлары $4 млрд төлеуге міндеттелуі мүмкін

Қазақстанның батысындағы Қарашығанақ кенішінің инфрақұрылымы.

Халықаралық соттан жеңілген Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан ірі операторлар, арасында италиялық Eni мен британдық Shell де бар, Қазақстан үкіметіне $4 млрд көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Басылымның жазуынша, дегенмен сот төленетін өтемақы көлемін нақты айқындамаған. Тараптар сот шешімін апелляцияға беруі ықтимал. Сот келісімде қарастырылмаған артық шығындарды мемлекеттің өзі өтеп келді деген Қазақстан үкіметінің уәжін орынды деп тапқан.

“Қазақстанның сырттағы заңнамалық кеңесшілері сот шешіміне сәйкес, Қарашығанақ жобасы бойынша өзара әріптестер – арасында Chevron Corp., Lukoil PJSC және ҚазМұнайГаз да бар – $2 пен $4 млрд аралығында қайтаруына тура келеді деп санайды. Ақшаны қайтару тетігі өнімді бөлісу туралы келісім аясында мұнайды үлестіру формуласын өзгерту арқылы жүзеге асырылады” деп жазды басылым.

Сот отырысы Лондонда өткен. Дереккөздің айтуынша, сот мұнай компанияларының оқиға мерзімінің өтуіне байланысты істі тоқтату туралы өтініштерін кері қаққан.

Қарашығанақ кенішін Eni (29%), Shell (29%), Chevron (18%), Lukoil (13.5%) және “Қазмұнайгаз” (10%) игеріп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданында орналасқан Қарашығанақ кеніші мұнай-газ және газ конденсатын өндіретін негізгі жобалардың бірі.

Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды "тендер тәртібін бұзды", "Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады" деп айыптағаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сол жылы көктемде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.

Былтыр Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жеткен еді.