Халықаралық арбитраж соты Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының шетелдік акционерлеріне қатысты Қазақстанның шамамен 12 млрд долларлық шағымын қабылдамады. Шағым кеніштің даулы шығынымен байланысты.
Бұл жөнінде Bloomberg жазды. Басылымның дерегінше, сот 2011–2015 жылдары жұмсалған даулы шығынға қатысты талап кеш берілгенін айтқан. Алайда жалпы сомасы шамамен 8 млрд доллар болатын басқа талапты қарауға рұқсат етті. Сот болады және Қазақстан үкіметі жалпы құны 150 млрд доллардан астам өтемақы талап етпек.
Қазақстан Қашағанды игеруге қатысатын халықаралық мұнай компанияларынан жоғалған пайда мен басқа да шығындар үшін өтемақы талап етіп отыр. Даудың өзегінде кен орнын игеру кезіндегі шығындар, экологиялық талаптардың бұзылуы және ықтимал сыбайлас жемқорлық мәмілелері бар. 2023 жылы сәуірде Қазақстан NCOC үстінен құны $13 млрд болатын шағым түсірген. Халықаралық компанияларға тендерлік процедураларды бұзды және мердігерлік жұмысты толық атқармады деген уәж айтылды. Бұдан соң Қазақстан сот талабын 150 млрд долларға дейін ұлғайтқан.
Қазақстанның энергетика министрлігі мен NCOC түсініктеме бермеді. NCOC-тың бірқатар акционерлері де пікір білдірмеді.
Бұған дейін Қазақстан North Caspian Operating Company 2000-жылдары Қашаған кен орнын игеру үшін халықаралық құрылыс компанияларымен жалпы сомасы 10,7 млрд доллар болатын 12-ге жуық келісімшарт жасасқанын алға тартқан. Бұл жөнінде "Власть" жазды. Қазақстан жағы бұл келісімдерде пара беру, мүдделер қақтығысы және шығынды негізсіз арттыру белгілері болғанын алға тартады.
Үкіметтің пікірінше, NCOC-тың осы келісімшарттарындағы сыбайлас жемқорлық Қашағанда мұнай өндірудің айтарлықтай кешігуіне әкелген. Соның салдарынан Қазақстан үшін тиімді өнімді бөлу туралы келісімнің күшіне енуі кейінге шегеріліп, ел қомақты табыстан қағылған. Ал NCOC мұндай айыптауларды жоққа шығарады.
Қашаған кеніші соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі ретінде аталады. Оның қоры 9-13 млрд баррель деп бағаланған. NCOC консорциумының акционерлері – "Қазмұнайгаз" (16,88%), Eni — 16,81%, Shell — 16,81%, ExxonMobil — 16,81%, TotalEnergies — 16,81%, қытайлық CNPC — 8,33%, Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
NCOC 2025 жылы 1,848 трлн теңге таза пайда тауып, Қазақстандағы ең көп пайда тапқан компания атанған.