Қаза болған үш сарбаздың сүйегі Оралға жеткізілді

Каспий теңізіндегі "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығу жиыны. 21 қыркүйек 2026 жыл.

Маңғыстау облысындағы әскери жаттығу кезінде қаза болған үш сарбаз: Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Гилаждың сүйегі 25 қыркүйекте таңертең арнайы рейспен Оралға жеткізілді. Бұл жөніндде Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жерлеу рәсімі 26 қыркүйекте болады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза болғандардың отбасына жергілікті атқару органдары материалдық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, бизнес өкілдері де қолдау көрсетеді. Жерлеуді ұйымдастыру бойынша тиісті шаралар қабылданады" деп хабарлады әкімдік өкілдері.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті.

Қорғаныс министрлігі бастапқыда 9 адам қаза болғанын, үш сарбаз құтқарылғанын, біреуі ауруханаға жатқызылғанын айтты. Кейін қаза болғандар 12-ге, жұма күні күндіз 14-ке жетті.

Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды тұлғалар анықталғанын хабарлады.

Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекте елде азалы күн жарияланды.

Оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Ресми орындар бұл жөнінде алдын ала ақпарат таратқан жоқ. Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев бейресми дерекке сүйене отырып, қатты жел болып тұрған кезде сарбаздардың ауыр техникадан суға секіріп, жағаға шықпақшы болғанын, сондай жаттығуды пысықтауы керек болғанын, ауыр киіммен түскен кезде судан шыға алмай қалғанын жазды. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.