Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаған ғалым Оразақ Смағұлов 96 жасында дүние салды. Ғалымның көзін көргендер ол бар ғұмырын бір ғана мақсат – қазақ халқының осы жерде мыңдаған жыл өмір сүргенін дәлелдеуге арнағанын айтады. Ол осы еңбегі үшін кезінде совет билігіне жақпай, қудалауға да ұшыраған.
Көне қорымдардағы тарих
Оразақ Смағұловтың ғылымдағы негізгі жұмысы көне қорымдардан табылған адам қаңқаларын өлшеп, бет-бейнесін қалпына келтіру, қан топтары мен тіс, тері суреттерін салыстыру болды. Осы деректерге сүйеніп ол "қазіргі Қазақстан жерінде қола дәуірінен бүгінге дейін өмір сүрген халықтың арасында биологиялық сабақтастық бар" деген тұжырым жасады.
Ғалымның "Өмірімнің мәні мен сәні" атты кітабын шығарған баспагер Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, Оразақ Смағұловтың бүкіл ғұмырының мәні болған басты жаңалығы – осы. "Осы аумақта мекендейтін халық кем дегенде 40-50 ғасыр бойы сабақтастығын үзбей, біртұтастығын жоғалтпай келе жатқанын дәлелдеді. Қандай аймақ, қандай жүз не ру болмасын, қазақ антропологиялық тұрғыда бөлінбейтін біртұтас ұлт екенін көрсетіп кетті", – деді ол Азаттыққа.
Оразақ Смағұлов
Ұлттық музей жанындағы мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының тарихи-мәдени мұра бөлімінің жетекшісі, археолог Пердехан Мұсырманқұл ғалымның қола дәуірінен бүгінгі қазақ қоғамына дейінгі антропологиялық тарихты түгел жазып шыққанын айтады. Институттың дерегінше, оның ғылыми қорытындылары Қазақстанның ежелгі және қазіргі халқы арасындағы генетикалық сабақтастықты, қазақ этносының гендік қоры жергілікті ежелгі популяциялар мен Орталық Азияның басқа да топтары негізінде қалыптасқанын көрсетуге мүмкіндік берді.
Қазақтың біртұтастығын биологиялық деңгейде негіздеу – руға, жүзге бөлінуді алға тартатын пайымдарға қарсы дәлел болды. Сол себепті оның жұмысы кейін ұлттық бірегейліктің бір арқауына айналды.
"Оразақ Смағұлұлы шыққан антропология биігіне Қазақстанда әлі күнге дейін ешкім шыққан жоқ десе де болады", – дейді Пердехан Мұсырманқұл.
Қазір Қазақстанда екі антропологиялық зертхана жұмыс істейді: Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы физикалық антропология зертханасы мен Ұлттық музейдегі зертхана. Екіншісі ғалымның тікелей негіздемесімен ашылған, қазір онда жас ғалымдар оның ісін жалғастырып жатыр. "Антропология қазір жаңа, заманауи, зертханалық бағытта дамып келеді", – дейді Пердехан Мұсырманқұл.
Совет кезіндегі қуладау
Оразақ Смағұловтың еңбектері совет идеологиясына қайшы келген кездері де болған. Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, ғалымды "қазақшыл" деп айыптап, кітабын өртеуге дейін барған. "Соған қарамастан атамыз өз қағидасына берік болып, соңғы деміне дейін ұлтқа қызмет етті", – дейді ол.
Пердехан Мұсырманқұлдың сөзінше, ғалымның гендік байланысты зерттеген еңбектері совет билігінің назарына іліккен, кітаптары сөрелерден алынып, өртелген. "Соған мойымастан өз еңбегін жасай берді", — дейді археолог.
Ғалым халықаралық ғылыми ортадан да шет қалмаған. Ол үнді-совет (1974-1975), қазақ-моңғол (1991-1993), қазақ-итальян (1993-1994) антропологиялық экспедицияларына қатысқан. Италияның Болон университетімен бірге бірнеше жыл бойы Қазақстан мен Орталық Азияның таулы аудандарындағы популяцияны зерттеген. Дели, Санта-Барбара, Болон университеттерінде дәріс оқыды, ҚазҰУ-да антропология курсын жүргізді.
Ғалым 400-ден астам ғылыми жұмыс, 11 монография жазған. Солардың қатарында "Қазақ халқының антропологиялық тарихы" (2011), "Қазақстан халқы қола дәуірінен қазіргі заманға дейін" (1970), "Этникалық геногеография" (1977) бар.1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2004 жылы академик болды, 2005 жылы Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.
Шәкірттері мен әріптестерінің айтуынша, Оразақ Смағұлов өмірінің соңына дейін жұмыстан қол үзбеген.
Балалық шағы Ашаршылық жылдарына тура келген
Оразақ Смағұлов Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Ашаршылық жылдарына тура келген. Ол Меңдіқара педучилищесін (1950), кейін Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. Біраз уақыт мектепте мұғалім болып істеп, 1956 жылы Тарих, археология және этнография институтына келген. Сол тұста Алматы мединститутында тәжірибеден өтіп, антропологияға алғаш бет бұрды. 1957 жылдың жазында Сәбит Мұқанов, Едіге Масанов, Халел Арғынбаевпен бірге Орталық Қазақстандағы экспедицияға шығып, далалық жұмысты бастаған.
1958 жылы ол СССР Ғылым академиясының Этнография институтына антропология мамандығы бойынша аспирантураға түседі. Мәскеуде оған советтік антропологияның мықты мамандары дәріс берген. 1964 жылы "Қазақ халқының антропологиялық типін қалыптастыру мәселесі (палеоантропологиялық деректер бойынша)" деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1984 жылы ғылым докторы, 1986 жылы профессор атанған.