Қазақ кинорежиссері Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті

Қазақ кинорежиссері Ардақ Әмірқұлов

Қазақстандық белгілі кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов 70 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды 5 тамыз күні Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялады.

1955 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген Ардақ Әмірқұлов 1977 жылы педагогика институтты бітірген. Кейін "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеген.

Ол 1988 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) режиссура факультетін белгілі кинорежиссер Сергей Соловьевтің шеберханасында оқып тәмамдаған.

Ардақ Әмірқұлов — 1980-жылдардың аяғы мен 1990-жылдардың басында Совет одағының кинематографына үлкен жаңалық әкеліп, тың серпіліс жасаған, авторлық кино тілімен, әлеуметтік шынайылығымен және советтік жалған ұрандардан бас тартуымен ерекшеленген "Қазақ киносының жаңа толқыны" өкілдерінің бірі болды.

Өнер сыншылары режиссер Әмірқұлов 1991 жылы түсірген "Отырардың күйреуі" фильмінде Шыңғыс хан шапқыншылығын ғана емес, империялардың құлау заңдылығын, адам психологиясын терең үңіліп суреттей алды деген баға берді. Әмірқұловтың бұл туындысы 1992 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет АҚШ киноакадемиясының "шет тіліндегі үздік фильм" номинациясына ұсынылған.

Кейін ол түсірген "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" көркем фильмдері халықаралық байқауларға қатысып, жүлде алған.

1988–1992 жылдары "Қазақфильмде" режиссер болып істеді, ал кейін киностудияның бас директоры қызметін атқарды.