Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда деректеріндегі алшақтық 2024 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 12,7 млрд доллар болған. Бұл – ресми Пекин шекарадан өткіздік дегенімен, Қазақстанның есебінде тіркелмеген тауардың жалпы сомасы. Мұндай алшақтық қазір де бар. Қазақстан билігі ішінара мойындап, төрт жыл бұрын көтерген мәселе шешімін таппай келеді. Неге? Азаттық жауап іздеп көрді.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақ-Қытай шекарасындағы 10,7 млрд доллар қайда кетті?
КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРЫ АЛШАҚТЫҚ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытайдың сауда деректеріндегі алшақтық мәселесін қозғады.
Тоқаевтың бұл сөзінен бір жыл бұрын, яғни, 2021 жылы Қытай Қазақстанға 13,7 млрд доллардың тауарын саттық десе, Қазақстан Қытайдан 8,2 млрд долларға тауар алдық деген. Алшақтық – 5,5 млрд доллар (Тоқаев 5,7 млрд доллар деген соманы атады, статистика кейін түзелген болуы мүмкін).
"Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған" деді Қазақстан басшысы сол жиында.
Қытаймен саудадағы бұл алшақтық жаңа пайда болған мәселе емес. Деректер айырмашылығы ондаған жыл бойы тіркеліп келеді. Тоқаев сол 2022 жылы үкіметті бұл салада тәртіп орнатуға шақырғанымен, кейінгі жылдары алшақтық одан әрі артып кетті.
Мәселен, 2017-2022 жылдары Қытайдың экспорт дерегі мен Қазақстанның импорт дерегінің айырмасы 5-6 млрд доллар арасында болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,3 млрд долларға жетті. Ал 2024 жылы тіпті 12,7 млрд доллар болып, рекорд орнады. Бірақ келесі жылы, яғни 2025-те алшақтық аздап төмендеп, 10,7 млрд доллар шамасына түсті.
Қазақстан мен Қытай сауда деректеріндегі алшақтық.
АЛШАҚТЫҚ СЕБЕПТЕРІ: ҮКІМЕТ УӘЖІ
Президент мойындап, үкіметке тапсырма берсе де, бұл мәселе шешілмей келеді. Қайта алшақтық күшейіп бара жатқандай.
Дей тұрғанмен былтырғы 10,7 млрд доллар болсын, алдыңғы жылғы 12,7 млрд доллар болсын, мұның бәрі міндетті түрде "контрабанда" бола бермеуі мүмкін. Үкімет те, сарапшылар да бұл соманың ішінде Қазақстанға тәуелді емес факторлар барын айтады.
Мәселен, 2025 жылғы 5 наурызда сол кездегі сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қытай тауарларының бір бөлігі Қазақстан арқылы өтіп, басқа елге жеткізілсе, Қазақстан есебіне кірмейтінін айтқан.
"Мысалы, Қытай өз тауарын Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан немесе кез келген өзге елге бағыттағанда ол тауар әуелі Қазақстанға кірсе, [Қытай] оны Қазақстанға экспорт деп көрсетеді. Осы жағдай статистикамыздағы айырмашылықты жасап отыр" деді ол.
Қытай сыртқы сауда дерегінде расымен де транзитті ескермей, алғашқы елді импортер деп көрсетеді. Мұны халықаралық сарапшылар да қуаттайды және Қытаймен шекаралас немесе арасын теңіз ғана бөліп тұрған елдерде шынымен-ақ осыған ұқсас тенденция байқалады. Яғни, Қытай көршілеріне көбірек саттық десе, көршілері азырақ алдық дейді.
Сол себепті болса керек, Еуропаның кей елдерінде кері тренд байқалады. Яғни олар көрсететін сауда сомасы Қытай дерегінен көбірек.
Бірақ бұл жерде бір түйткіл бар. Халықаралық сауда статистикасын бақылап отыратын Tradereport Telegram-арнасы дамыған елдерде алшақтық бар болғаны 10-15 пайыз, ал кенже дамыған елдерде 80-100 пайыз немесе одан да көп екенін айтады.
Пайыз өлшемімен қарағанда, Қазақстан мен Қытай сауда дерегіндегі алшақтық 10 жыл бұрынғыға қарағанда біртіндеп төмендеген. Қытай экспорт дерегі мен Қазақстан импорт дерегінің айырмасын Қазақстан импортына бөлсек, осы алшақтықтың пайызы шығады.
2017 жылы бұл көрсеткіш 59,4 пайыз болса, одан кейін біртіндеп азайып, 2022 жылы 31,8 пайызға түскен. Кейінгі жылдары бір көтеріліп, бір түсіп былтыр 36,23 пайызға тұрақтаған. Алшақтық көлемі ақшалай көбейіп, пайызбен төмендеуінің себебі сол, екіжақты сауда көлемі жыл сайын артып келеді. Қазақстан дерегі бойынша, 2017 жылы екіжақты сауда 10,5 млрд доллар болса, 2025 жылы 34,1 млрд доллар болған.
Орталық Азия елдері арасында, Қырғызстанда Қытаймен алшақтық кейінгі бес жылда 70-80 пайыз аралығында, Тәжікстанда 57-80 пайыз, Өзбекстанда 10-16 пайыз болған.
Өзге елдерден мысал етсек, Пәкістанда 18-21 пайыз, Филиппин елінде 34-120 пайыз, Оңтүстік Кореяда 3-5 пайыз.
АҚШ-та Қытаймен сауда деректерінде алшақтық кейінгі бес жылда ең көп дегенде 12 пайыз болған. Ал Жапония, Германия, Австрия, Франция сияқты елдерде бәрі керісінше, яғни, импорт көрсеткіші Қытайдың экспорт көрсеткішінен жоғары.
Осыған дейін айтылғандай, Қытай мен Қазақстан сауда көрсеткіштеріндегі айырма 5-6 млрд доллар шамасында болып келіп, 2023 жылдан кейін күрт артқан. Ал билік айтып отырған факторлар бұрыннан бар. Ендеше күрт өсімнің себебі не?
Жоғары аудиторлық палата Азаттыққа сауалына жолдаған жауабында мұны әлемдегі "геосаяси жағдаймен" байланыстырған.
"Шекаралас елдерге тән қосымша себептер: транзит факторы. Қазақстан арқылы өткізілетін қытай тауарлары транзитінің бір бөлігі бірінші шекараны кесіп өту белгісі бойынша Қытай статистикасында Қазақстанға экспорт ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мен Беларуське қатысты санкцияларға орай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі ұлғайған" деді палата.
2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастағалы Батыс елдері Мәскеуге қарсы бірқатар санкция пакетін жариялаған. Яғни, Кремльдің соғыс машинасына көмектесуі мүмкін тауарларды ол елге экспорттауға тыйым салған. Сөйтіп ресейліктер санкцияны айналып өту үшін қажет заттарды Қазақстан секілді өзге елдер арқылы алдыра бастады. Салдарынан Қазақстанға қосалқы санкция қаупі де төнген. Шамасы аудиторлық палата осыны меңзеген болса керек.
2022 жылғы 22 ақпанда өткен үкімет отырысында сол кездегі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловқа есеп берерде алшақтықтың тағы бір себебін айтты.
"Қытай тауар өндірушілері субсидиялар мен қосылған құн салығын қайтарып алатындықтан, экспорттық бағаны көтеруге мүдделі" деді Жамаубаев сол отырыста.
Рас, Қытай өкіметі кей тауар түрлері бойынша экспорттаушыларға қосымша құн салығын қайтарып береді. Оның көлемі тауар түріне қарай әрқалай. Сол себепті қытай кәсіпкерлері кеден құжатын толтырарда тауар сомасын көтермелеп қоюға мүдделі.
Азаттық сауалына жолдаған жауабында Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті осы факторларға қоса Қазақстан мен Қытайдың импорт пен экспортты есепке алудағы әдістемесі әртүрлі екенін мәлімдеді. Оған қоса, "Қорғас" бекетінен өткен тауарлар Қытай экспортында тіркеліп, Қазақстан импортында көрсетілмейді дейді комитет. Мұнымен қатар экспресс-пошта, электрондық коммерция және шекара маңындағы сауда да экспорттаушы дерегінде жазылып, импорттаушының есебінде ескерілмейтіні айтылған.
Мемлекеттік кірістер комитеті Азаттыққа жолдаған хатында тауарды дұрыс декларацияламау барын мойындағанымен, сыртқы саудадағы алшақтық кеден заңнамасы бұзылғанын көрсетпейді дейді. Ендеше Тоқаев айтқан "контрабанда" қайда қалды деген сұрақ туады.
Мәжіліс депутаты мен Жоғары аудиторлық палата сыны
2025 жылғы 26 наурызда өткен парламент отырысында мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясының өкілі Ержан Бейсенбаев қаржы министрлігінің уәжіне келіспейтінін айтты.
"Қазақстанға импорттың белгілі бір бөлігі тиісті кедендік рәсімдеусіз экономикалық контрабанда арқылы келіп жатыр... Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бұл миллиардтаған [доллар] айырмашылықты есепке алудың әдістемелік ерекшелігі деп түсіндірді. Қытай тарабы қытай-қазақ шекарасынан өткен тауарды есепке алатынын, оның ішінде Қазақстан импорттайтын, үшінші елдерге кететін тауарлар да барын айтты. Мұндай тұжырым қисынды болуы мүмкін, бірақ егер мәселе аталған соманың жартысы төңірегінде болса да, бюджеттің мұндай қаражаттан қағылуы қисынға келмейді" деді ол.
2022 жылы Қаржы министрінің қазақ-қытай саудасы жөніндегі есебін тыңдаған Әлихан Смайылов 2024 жылғы сәуірде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болып тағайындалды. Сол жылы маусымда палата үкіметке 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жайлы қорытындысын ұсынды. Онда дәл осы кеден дерегіндегі алшақтық сынға ұшыраған.
Жоғары аудиторлық палата өз тексерісінен соң импортталатын тауарлардың кедендік құнын дұрыс көрсетпеу белгілері барын, Қытай мен Қазақстан деректерінде импортталатын тауардың бағасында ғана емес, салмағында да айырмашылық болғанын анықтаған. Палатаның есебіне қарағанда, алшақтық көбіне былғары өнімдерінде, трикотаж бұйымдарында, аяқ киімдерде және ойыншықтар мен спорттық керек-жарақта байқалған.
Бұл – 2023 жылғы сауданың сараптамасы. Ол жылы алшақтық осыған дейін жазғанымыздай, 9,3 млрд доллар болған. Содан кейінгі жылы рекордтық 12,7 млрд доллар тіркелген. Energy Monitor Telegram-арнасы сол жылғы кеден деректерін салыстырып, мынадай ерекшелікті анықтаған.
Energy Monitor арнасының дерегінше, 2024 жылы Қытай Қазақстанға 1,86 млрд долларға жеңіл көлік экспорттаған. Ал Қазақстан Қытайдан жеңіл көлік импорты 864,4 млн доллар деп көрсеткен. Айырмашылық – 1 млрд доллар. Алайда Қазақстан Қытайдан 424 млн долларға көлік шанағы импортталды деп көрсеткен, ал Қытай көлік шанағының Қазақстанға экспорты 6 млн доллар деген. Energy Monitor арнасы осыған қарап, дайын көліктер Қазақстанда көлік шанағы болып кірген болуы мүмкін дейді.
Мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдары мен қосалқы бөлшектер алшақтыққа көп үлес қосып отырған тауарлар қатарына кіретінін растап отыр.
"Ең үлкен алшақтықтар күрделі логистикалық тізбектер мен тарату орталықтары арқылы жеткізілетін тауарлар бойынша байқалады, ең алдымен: машиналар мен жабдықтар; электротехника және электроника; көлік құралдары мен қосалқы бөлшектер; киім мен аяқ киім; пластмассадан жасалған бұйымдар; жиһаз және халық тұтынатын жекелеген тауарлар. Негізінен өндірушіден түпкілікті сатып алушыға тікелей жеткізілетін шикізат, металдар, жеміс-көкөніс дақылдары және басқа да тауарлар бойынша алшақтықтар, әдетте, айтарлықтай төмен" деді комитет Азаттыққа.
Сонымен Қытай мен Қазақстан сауда-саттығындағы алшақтықта әдістемелік айырмашылықтан бөлек, сұр импорт үлесі де бар екені байқалып отыр. Мемлекет оны жоққа шығармайды. Бірақ оның көлемі қандай? Мемлекет қазынасы қанша ақшадан қағылып отыр?
"Сұр импорт" үлесін анықтау мүмкін бе?
Мемлекеттік кірістер комитеті Азаттық сауалына берген жауабында алшақтықтағы әрбір себептің пайыздық үлесін анықтау мүмкін емесін айтады. Алайда 2022 жылғы 22 ақпандағы үкімет отырысында сол кездегі қаржы министрі бір слайд көрсеткен еді. Онда 2021 жылғы алшақтықтың себептері санмен жазылған. Слайдта алшақтық 5,7 млрд доллар болса, оның ішінде 0,3 млрд доллар, яғни, 5,26 пайыз әдістеме үлесінде, 2,6 млрд доллар, яғни, 45,61 пайыз Қытай тауарының Қазақстан арқылы транзиті және 2,8 млрд доллар немесе 49,12 пайызы декларациядағы сәйкессіздік.
Демек, сол жылғы алшақтықтың жартысы дерлік декларация дұрыс толтырылмағаннан болған. Оның ішіне тауар бағасының төмендетілуі, салмағының азайтылуы, тауардың дұрыс емес классификациялануы кіреді. Бірақ алшақтық сомасының жартысы түгел бюджетке кететін ақша деп түсіну де қате. Сол сомадан бюджетке салық төленеді, ал ол сома, сірә, көп адам ойлағаннан аздау.
2022 жылғы ақпанда Жамаубаев дұрыс декларацияламау салдарынан болған 2,8 млрд доллар алшақтықтан болған бюджет шығыны 150 млрд теңгеге бағаланғанын айтқан.
Бұл 2021 жылғы шығын. 150 млрд теңге ол кезде шамамен 352 млн долларға болған. Ал 2023 жылғы деректерді талдаған Жоғары аудиторлық палата алынбаған баж және қосымша құн салығы бойынша экономикалық шығын 1,2 млрд доллар немесе 548 млрд теңге деп бағалаған.
2024 жылғы ахуалға баға берген мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев 1,5 млрд доллар деген соманы атады.
"Ашық деректерде жарияланған мәліметтер бойынша, 2024 жылы Қытайдан Қазақстанға импорт жөніндегі кедендік статистикада сомасы 13 млрд 750 млн (ресми дерек бойынша, 12,7 млрд доллар – ред.) доллар болатын рекордтық алшақтық анықталған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл "сұр импорт" бойынша Қазақстан бюджеті қосымша құн салығынан 1,5 млрд доллар немесе 850 млрд теңгеден қағылып отыр. Бұған есептелмеген кедендік алымдарды қосып тұрған жоқпын" деді Бейсенбаев былтырғы наурызда премьер-министрге жолдаған сауалында.
Аудиторлық палата айтқан 1,2 млрд доллар да, депутат айтқан 1,5 млрд доллар да аз ақша емес. Енді бұл алшақтықты қалай азайтуға болады? Қаржы министрлігі қадағалауды күшейтеміз, Қытаймен кеден деректерімен алмасып, қате декларацияларды әшкерелейміз деп отыр. Мұның бәрі жеткілікті ме?
Логистика саласындағы PhD докторы Айсұлу Молдабекова өзі мәселені ішінара шешу үшін Қытай мен Қазақстан арасында интеграцияланған цифрлық платформа қажетін айтады.
"Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас" сияқты құрғақ порттар бар, жүк тасымалдау терминалдары бар, "Алтынкөл" сияқты станциялар бар. Солардың барлығында интеграцияланған цифрлық платформалар керек. Олар деректерді бір-бірімен қағаз не Excel файлдары арқылы емес, интеграцияланған цифрлық платформа арқылы алмасқаны керек. Әрине, ол платформаға дерек енгізу мәдениеті де маңызды. Дегенмен мұндай цифрлық құралдар жүк тасымалының ашықтығын арттырады" деді ол Азаттыққа.
Айсұлу Молдабекова өзі айтқан цифрландыру қымбатқа шығуы мүмкін екенін, бірақ оны дұрыс іске асырса, алшақтықты шамамен 20-30 пайызға азайтуға болатынын айтады. Цифрландыру “сұр импортты” азайтумен қатар логистикаға да оң үлес қосар еді дейді ол.
Биыл маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық шенеунікті қабылдап, 2025 жылы Қытай мен Қазақстан саудасының көлемі 49 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Бұған дейін үкімет те осыған ұқсас санды атаған. Алайда Қазақстанның ресми статистикасы бойынша, былтыр екіжақты сауда көлемі 34,1 млрд доллар болған. Яғни, президент Тоқаев Қазақстанның емес, Қытайдың дерегіне сүйенген. Мемлекеттік кірістер комитеті екеуі де ресми дерек деп отыр.