Қазақстандағы ірі тау-кен компаниясы "Қазақмыс" ереуілден кейін басқарма төрағасының орынбасары уақытша қызметтен шеттетілді.
"Қызметтік зерттеу жүргізіліп жатқан кезеңде басқарма төрағасының орынбасары лауазымдық міндеттен шеттетіледі" деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Бірақ сәлден кейін бұл сөйлем өшірілді. Бірақ оның архивтік нұсқасы сақталып қалды.
Компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жауапты маманы Дәулет Қыдырбекұлы жазба өшірілгенін мойындады.
"Ол жерде ең басты нәрсе қазір біздің қызметкерлердің талабы болып тұр ғой. Сондықтан біз акцентті оған жасамайық деп шештік. Ал негізі [шеттетілгені] рас. Ол жағын теріске шығарып жатқан жоқпыз" деді ол.
Осы аптада "Қазақмыстың" Ұлытау облысында орналасқан Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі № 65 шахтасының жүз шақты жұмысшысы жалақыны өсіруді, өндіріс басшыларының бірін қызметтен кетіруді және өзге де әлеуметтік мәселелерді айтып, ереуілге шыққан еді.
Ұлытау облысы әкімдігі журналистерге ереуіл туралы хабарды растап, компания басшылығы наразылық білдірушілермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан. Билік өкілдерінің сөзінше, басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров басқарма төрағасы Рустам Өскенәлімен келіссөз жүргізетін бастамашыл топ құру үшін Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының 100 шақты жұмысшысымен кездескен. Облыстық әкімдік "жағдайды бақылауда" ұстап отырғанын және өңірдегі жағдай "тұрақты" екенін айтты.
Компания 11 маусымда ереуіл тоқтағанын хабарлады. Азаттық тілшісі әзірге жұмысшылардың өзіне хабарласа алмады.
Компания таратқан видеода жұмысшылардың алдында сөйлеп тұрған ер адамның "30 жыл бойы акционерлер Қазақмыстың рахатын көрді, бізді тақырға отырғызып кетті деуге болады, компанияны қарызға батырды" дегені көрінеді.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмысшылар жалақыны 50% өсіруді талап еткен. Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, басшылық бұл талапты орындау мүмкін еместігін, себебі ол компанияның қаржылық тұрақтылығына әсер ететінін айтқан. Қазір басшылықпен келіссөз жүргізетін бастамашыл топ құрылған.
Бұл "Қазақмыс" кәсіпорындарындағы алғашқы еңбек дауы емес. 2024 жылдың желтоқсанында корпорациядағы мыңнан астам кенші жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жер бетіне шығудан бас тартқан. Бастапқыда ымыраға келмейтіндей қатаң ұстаным танытқан жұмыс беруші кейінірек келіссөз жүргізуге мәжбүр болған.
Қазіргі ереуіл "Қазақмыс" компаниясының меншік иелерінің күрт өзгергеннен бірнеше айдан кейін басталды. 2025 жылдың аяғында құрылыс магнаты Нұрлан Артықбаев мыс өнеркәсібі алыптарын көп жыл бойы басқарып келген миллиардер Владимир Ким мен оның серіктесі Эдуард Огайдан корпорацияны сатып алды. Осы мәміледен кейін "Қазақмыста" қайта құру және басқарушы топтың кең ауқымды ауысуы басталған, бұл қазіргі наразылықтың себептерінің бірі болды.