"Қазақмыс" корпорациясы акционерді өзгерту рәсімін бастағанын жариялады. Компания "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін бақылауды жаңа инвесторға өткізіп беру жөніндегі негіздеме келісіміне қол қойғанын мәлімдеді.
"Келісімге "Қазақмыс" президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімі бойынша қол қойылды. Құжатқа қол қою бақылауды тапсыру процесінің басталғанын білдіреді. Таяуда белгіленген рәсім аясында келісім бойынша барлық тиісті іс-шаралар мен міндеттемелер жүзеге асырылып, компанияның үлесін сатып алу-сату келісімшарты жасалады", – делінген компания таратқан ақпаратта.
Сонымен бірге компания акционердің ауысуы өндіріске және операциялық қызметке, келісімшарт бойынша алынған міндеттемелерге әсер етпейтінін, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен жұмыс орындары толық көлемде сақталатынын айтқан.
Жаңа меншік иесінің аты-жөні және мәміле сомасы жайлы мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Қазақстандық БАҚ дерегінше, "Қазақмыс" құрылыс және девелопмент саласындағы Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаған әрі иесі 50 жастағы Нұрлан Артықбаевқа сатылуы мүмкін. National Business Kazakhstan басылымы Qazaq Stroy компаниясының баспасөз қызметіне сүйеніп, мәміленің алдын ала құны 3,85 млрд доллар болған деп жазды.
"Қазақмыс" корпорациясының ең ірі акционері – Kazakhmys Copper. Оны Kazakhmys Holding Limited басқарады. Бұл холдингтің иелері – миллиардер Владимир Ким (Forbes Kazakhstan басылымы 2024 жылы оның байлығы 3,6 млрд долларға тең, ең бай қазақстандықтар тізімінде 4-орында деп жазған) және Эдуард Огай (Forbes Kazakhstan рейтингінде 800 млн доллармен 13-орында тұр).
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жомарт" кенішіндегі апаттан жеті жұмысшы мерт болды