Қазақстан құрамасы Жапонияның Нагоя және Аичи қалаларындағы 20-жазғы Азия ойындарындағы жарысты аяқтады. Қазақстан атынан соңғы болып ат спортының өкілдері сынға түсті деп жазды Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті. Спорттың бұл түрінен Қазақстан жүлде ала алмады.
"Осылайша Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар" деп жазылған ҰОК хабарламасында.
Жалпы есепте Қазақстан 8-орын алды. Бірінші орынды Қытай (169 алтын, 89 күміс, 83 қола), екінші орынды Жапония (83 алтын, 95 күміс, 91 қола), үшінші орынды Оңтүстік Корея иеленді (39 алтын, 43 күміс, 68 қола). Көрші Өзбекстан медальдық есепте бесінші орын алды: 21 алтын, 25 күміс, 24 қола. Өзбекстаннан кейін Иран, Таиланд бар.
Қазақстан ең көп медальді дзюдо мен күрестен (жеті-жетіден) ұтып алды. Одан кейін байдарка мен каноэде ескек есу спортшылары алты медаль иеленді. Ал семсерлесу, бокс және джиу-джитсудан Қазақстан қоржынына бес-бестен медаль түсті.
Қазақстан биылғы Азия ойындарына 550-ден аса спортшы жіберді. Бұл – рекорд. Осыған дейін Қазақстан 2022 жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен Азиадаға 523 спортшы апарған еді.
Жалпы биылғы Азиадаға құрлықтағы 45 елден 15 спортшы қатысты. Өзбекстаннан 396 спортшы, Қырғызстаннан 168 спортшы, Тәжікстаннан 107 спортшы, Түркіменстаннан 34 спорты барды.
Бұған дейін Қазақстан спорт және туризм министрі Мырзабосынов Азиадада алтын алған спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері өсетінін мәлімдеген.
"Бұған дейін спортшылар алтын медаль үшін 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Ендігі жоспарымыз – чемпиондарға 50 мың АҚШ долларынан төлеу" деді ол.
Қазақстан үшін Азия ойындары – олимпиада ойындарынан кейінгі ең ірі жарыс. Төрт жылда бір рет өтетін Азиадаға Қазақстан 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұл додада Қазақстан жалпы есепте әдетте Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейін төртінші орын алып жүретін. Бірақ кейінгі екі Азиадада – 2018 және 2022 жылғы ойындарда Қазақстан бестікке ене алмады. Бұл жолы да іліне алмады.