Қазақстан әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшпек

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Астана, 21 қазан 2026 жыл.

21 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Онда әскери реформа жоспарының жобасы талқыланды.

Ақорданың хабарлауынша, жоспар қарулы күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, дрон күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі компоненттерін нығайтуды қарастырады.

Жоспарды Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырды.

"Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі" деп Ақорда жиында айтылғаннан үзінді келтіреді.

Ақорданың жазуынша, әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылмақ.

"Әскери консультанттар мен әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жарғыға сай келмейтін іс-әрекетке жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Жиын кезінде Тоқаев "қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың" маңызын айтқан.

"Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұндай ақпарат Каспийдегі оқу-әскери жаттығу кезінде қаза болған 14 сарбаздың өлімінен кейін бір айға жуық уақыт өткенде айтылып отыр.

24 қыркүйекте Каспийдегі әскери жаттығу кезінде күн бұзылып, қайықтан суға түскен 17 сарбазды қатты толқын ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Бейбіт заманда жас азаматтардың қазаға ұшырауы қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде жұрт билік пен әскери басшылықты сынға алды. Осыдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігі басшылығын түгел ауыстырған.

Бұдан бөлек, Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырған. Сарбаздар қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бес әскери басшы: әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері күдікті ретінде ұсталған.