Астанада Қазақстан халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, Нұрсұлтан Шоқанов партияның жаңа төрағасы болып сайланды. Бұл жөнінде партияның ресми сайты хабарлады. Съездің өтетіні жөнінде алдын ала хабарламаны Азаттық көрген жоқ.
Ресми сайттағы ақпаратқа қарағанда, сенбі күні партия басшылығының ауысуы мәселесіне тоқталған партияның бұрынғы жетекшісі Ермұхамет Ертісбаев “жаңару кез келген саяси ұйымның дамуындағы заңды кезең екенін”, әсіресе “жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанда жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер жағдайында өте маңызды екенін” атап өткен.
«Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл - табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес» деді ол.
Жаңа басшыны таныстырған Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқанов “партия мүшелеріне жақсы таныс екенін”, “аймақтық құрылымдарды басқарудан бастап, партияның негізгі ұйымдастырушылық жобаларын іске асыруға дейінгі барлық негізгі сатыларынан өткенін” жеткізді.
Төрағалықтан кеткен Ермұхамет Ертісбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көп жыл кеңесші болған, ақпарат министрі, Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметтерін атқарған. Ол 2022 жылы Қазақстан халық партиясына қосылып, төрағалыққа тағайындалған еді.
Бұрынғы “Қазақстан коммунистік партиясы” соңғы парламент сайлауында 5 мандат алған. Ашық дереккөздерде 100 мыңнан астам мүшесі бар екені айтылады.
Қазақстан халық партиясының төрағасы ауысты
Ермұхамед Ертісбаев. Астана, 6 қазан 2022 жыл.