"Қазақстан инжиниринг" әскери кеме жасау зауытын сатады

“Қазақстан инжиниринг” оралдық “Зенит” зауытының 100 пайыз акциясын электронды байқауға шығарды. Сауда е-Qazyna платформaсында болады. Аталған кәсіпорын Қазақстанның күштік құрылымдары мен жер қойнауын пайдаланушыларға кеме мен қайық жасайды. Бастапқы құны – 18,49 млрд теңге.

Ірі кәсіпорынның активінде шамамен 20 га жер бар, 74 мың шаршы метрлік ғимарат, мыңнан астам станок пен жабдық бар. Онда шамамен 600 адам істейді.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, былтыр зауытқа 10,16 млрд теңге көлемінде кіріс кіріп, 10,08 млрд теңге шығыс шыққан. Таза табыс – 81,7 млн теңге. Тамыз айындағы мәлімет бойынша, “Зениттің”қарыз көлемі 3,09 млрд теңгеге жеткен.

Байқау шарты бойынша зауыттың жаңа иесі кәсіпорындағы жұмыс орны мен қызметін сақтап қалуға тиіс. Бұған қоса, мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысын орындап, өндірісті дамытуы керек.

Ресми мәліметке қарағанда, “Қазақстан Инжиниринг” 2003 жылы Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіндегі кәсіпорындарды басқару үшін құрылған. Компания қорғаныс, қос мақсаттағы және азаматтық өнімдер саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды біріктіреді, қорғаныс саласындағы тапсырыстарды орындайды. Жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі.