2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы қатарында 35-ке жуық спортшы барады. Бұл туралы 30 желтоқсанда Астанадағы үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов хабарлады.
Оның айтуынша, Қазақстан ұлттық командасы алда болатын қысқы Олимпиадада спорттың 10 түрінен жарысқа қатысады. Атап айтқанда биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғыдан қоссайыс, шаңғы жарыстары, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан бәсекеге түспек.
"Қазір Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Оған қоса біздің спортшылар шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды", – деді министр.
XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 2026 жылғы 6 ақпанда Милан қаласында, ал жабылу рәсімі 22 ақпанда Верона қаласында өтпек. Қысқы Олимпиада ойындарына әлемнің 93 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 116 медаль жиынтығына таласады.
Бұдан бөлек, министр Ербол Мырзабосынов алдағы жылғы 6-15 наурыз аралығында Италияда өтетін паралимпиада жарыстарына Қазақстан ұлттық командасы спорттың екі түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан бәсекеге қатысатынын айтты.
"Қазір ұлттық командамыздағы спортшылар еншісінде паралимпиаданың 10 лицензиясы бар, лицензия алғандар қатарында парабиатлоннан әлем кубогының жеңімпазы әрі Хрусталь глобус иегері Ербол Хамитов, 2022 жылғы Пекиндегі Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлиц бар", – деді Мырзабосынов.
Туризм және спорт министрінің айтуынша, ұлттық құрамаға 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындалуға 13,3 млрд теңге бөлінген.