Мәскеуде Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатомның" бас директоры Алексей Лихачев келіссөз жүргізіп, атом саласын дамыту бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде Қазақстандағы «Балқаш» АЭС құрылысы жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Ведомствоның хабарлауынша, атом саласы үшін кадрлар даярлау, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, сонымен бірге өндірісті оқшаулау және қазақстандық кәсіпорындардың атом жобаларын іске асыруға қатысу мәселелеріне "ерекше назар" аударылған.
"Біз аталған станцияны салу барысында қазақстандық компанияларды тарту және оқшаулау мәселелерін, кадрлар даярлау мәселелерін, сондай-ақ жалпы ұзақ мерзімді перспективадағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқыладық. Барлық бағыт бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізілгенін атап өткен жөн. Біздің мемлекеттеріміздің мүдделеріне және елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына толық сәйкес келетін негізгі тәсілдер әзірленді" деді Алмасадам Сәтқалиев.
Дегенмен агенттік жетекшісінің "тәсілдер" деп нені айтқаны белгісіз. Хабарламада оның жай-жапсары айтылмайды.
Агенттіктің жазуынша, кездесу кезінде табиғи-климаттық зерттеулер жүргізу туралы да айтылған.
"Іс жүзінде бүкіл өндірістік бағдарлама орындалып жатыр. Бізге алаңды кемінде бір жыл бойы бақылау қажет. Соның негізінде барлық қажетті есептер әзірленіп, жоба осы нақты орынның табиғи, геологиялық және климаттық жағдайларына нақты бейімделе отырып іске асырылатын болады" деді "Росатом" басшысы.
Оның сөзінше, "Балқаш" станциясы алаңның "жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып" әзірленбек және атом энергетикасы саласындағы ресейлік технологияларға негізделеді.
2025 жылғы ақпанда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС салынатын жерді ресми түрде бекіткен. Станция Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының жанына салынатын болды. Станцияның ресми атауы – "Балқаш" АЭС-і. Үкімет оны "Росатом" салатынын айтқан.
Ресей салуға тиіс бірінші станцияның құны шамамен 15 млрд доллар. Алғашқы станцияға Ресейден несие алынбақ.
Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.