Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылды

Ораза айт намазын оқу үшін Әзірет Сұлтан мешітіне жиылған халық. Астана, 2021 жыл.

Биыл Оразаның аяқталуы 20 наурызға дөп келді. Жұма күні таңертең Қазақстан мешіттерінде Айт намазы оқылды.

Отыз күн ауыз бекіткен жамағат айт намаз оқылып болған соң бір-біріне "Ораза айт құтты болсын!" деп игі тілек айтып, мерекені тойлауға кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтады.

“Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі. Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады” деп жазылған құттықтауда.

Президент құттықтауда жуырда жаңа Конституция қабылданғанын да атап өткен. Оның айтуынша, Қазақстан халқы “конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашқан”.

Жыл сайын мұсылмандарға қасиетті саналатын Рамазан айы біткеннен кейін Қазақстандағы мешіттердің барлығында айт намазы оқылып, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылады. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.