Қазақстан полициясы пана сұраған ресейлік сарбазды Ресейге тапсырды

Көрнекі сурет

2 ақпанда Қазақстан полициясы ел аумағындағы Приозерск қаласында орналасқан ресейлік әскери базадан қашып кеткен Семён Бажуковты Ресейдің әскери қызметкерлеріне тапсырған. "Прощай, оружие" жобасының авторы Алексей Альшанский осылай деп хабарлады. Оның жазуынша, Бажуков былтыр күзде Қазақстаннан пана сұраған.

Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросы Семён Бажуковтың Ресейге берілгенін растады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, қашқынды ресейліктер қолына берген сәтте Бажуковтың Қазақстан Республикасында пана сұраған тұлға мәртебесі болған, ал мұндай жағдайда экстрадиция жасауға тыйым салынады.

Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросының директоры Денис Дживаганың айтуынша, Қарағанды облысындағы прокурорлар ешқандай ресми қаулысыз оны Ресейдің әскери полициясына тапсыруды бұйырған.

"Қарағанды облысы прокурорлары оны Ресейдің әскери полициясына беруді еш қаулысыз, ауызша айтып тапсырды. Пана сұраған тұлға мәртебесі бола тұра оны қайтадан сол жаққа алып кетті", – деді Дживага.

Ресми органдар бұл жағдайға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Азаттық радиосы Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен пікір алуға талпынып көрді, алайда ондағылар бұл іс жайлы прокуратурадан сұрауға кеңес берді. Осы жаңалық жарияланған сәтке дейін Қазақстаннан пана сұраған тұлға мәртебесіне ие Бажуковтың не себепті ресейліктерге берілгені жөнінде прокуратура органдарынан жауап болмады.

"Медиазона" басылымы Бажуковтың анасы Светлана Нитинаның Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары бюросына жолдаған хатына сүйеніп жазуынша, 1996 жылы туған Семён Бажуков 2022 жылы Ресейге кеткен, сол елдің азаматтығын алып (оған дейін азаматтығы жоқ тұлға болған), Ресей армиясы қатарына қосылған. Анасының айтуынша, кейін ол Украинадағы соғысқа жіберілген. Сол жерде "жағдайдың мәнін түсінгеннен" кейін Бажуков әскери бөлімінен қашып шығып, Қазақстанға кеткен. "Медиазона" басылымы бұл оқиға 2023 жылы болған, содан бері Бажуков Ресейде іздеуде жүрген деп жазды.

2025 жылғы қазан айында Семён Бажуков Қазақстаннан пана сұраған. Алайда 13 желтоқсанда оны жергілікті полиция ұстап, Қарабұлақ елді мекеніне жеткізген. Онда оны "Екатеринбургтен келген полицейлер" тергемек болған. Анасы "ұлымды полиция бөлімінде ұрып-соғып, басына пакет кигізіп тұншықтырған" деп шағым айтқан.

Былтыр 17 желтоқсанда Қазақстан тарапы Семён Бажуковты Ресейдің әскери полициясына тапсырып, ол Ресей қорғаныс министрлігі Қазақстаннан жалға алып отырған Приозерск қаласы маңындағы Сары-Шаған полигонына жеткізілген.

Альшанскийдің мәлімдеуінше, биыл 1 ақпанда құқық қорғаушылар Бажуковпен хабарласқанда, Семён енді бір күннен кейін өзін Ресейге әкеткелі жатқанын айтқан. Осыдан кейін Бажуков ресейлік әскери базадан қайтадан қашып шыққан. Бірақ Астанаға бара жатқан жолда қазақстандық полиция оны тағы да ұстап, Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы полиция бөліміне апарған.

"Семён полиция бөлімінде пана сұрап қайта өтініш тапсырды (ол қамауда болып, ұзартуға мүмкіндігі болмағандықтан алдыңғы жазған өтінішінің мерзімі қаңтарда аяқталған). Соған қарамастан, қазақстандық полицейлер пана сұраған адамды [ресейлік] әскери полицияның қолына тапсырды", – деп жазды Альшанский.

Бажуковтың анасы бұл жайт бойынша Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары бюросына арыз түсірген.

Бұл Қазақстанда ресейлік қашқын сарбазды ұстап, Ресейге тапсырған алғашқы оқиға емес. 2024 жылғы сәуір айында Қазақстанда Ресейден қашып келген ефрейтор Камил Касимов ұсталған. Ол Улан-Удэ қаласындағы Ресей құрлық әскерінің 103-зымыран бригадасында әскери қызмет атқарған. Қазақстанға келген соң уақытша тұруға рұқсат алып, Астанада жұмысқа орналасқан. 2024 жылы Қарағанды облысының соты оны елден шығару туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім, ресми мәлімет бойынша, Ресей азаматының өзі берген өтініш негізінде қабылданған. Кейін Ресейде Камил Касимов алты жылға бостандығынан айырылды. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Касимов елден шығаруды өзі сұраған деп мәлімдеген.

Қазақстан Ресейге әскери қызметкерлерді ғана емес, кейде азаматтық тұлғаларды да беріп жібереді. Биыл 1 ақпанда Қазақстан билігі Қырымда туып-өскен, кейінгі жылдары Қазақстанда тұрып жатқан 25 жастағы IT-маман Александр Качкуркинді Ресейге шығарып жібергені белгілі болды. Ол "көшеде жол ережесін бұзды" және "жабық ғимаратта кальян тартты" деген екі әкімшілік хаттама негізінде елден шығарылған. Мәскеуге жеткізілгеннен кейін Ресейдің билік орындары Качкуркинді Украинаға ақша аударды деген айыппен үстінен "мемлекет опасыздық жасау" бабы бойынша іс қозғап, қамауға алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан шығаруға асық болған Қырым тумасын Ресей тұтқындап, опасыздық жасады деп айып тақты
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?