Қазақстан Ресей офицеріне босқын мәртебесін беруден бас тартты

Евгений Коробов

Астана қаласының соты Ресейден қашып келген офицер Евгений Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартты. Бұл туралы 5 ақпанда "Настоящее Время" телеарнасына құқық қорғаушы Артур Алхастов хабарлады.

Коробов пен "Прощай, оружие!" ресейлік дезертирлер қауымдастығы сот шешіміне келіспейтіні жөнінде жоғары тұрған сот орындарына шағым беруге ниетті. Алхастовтың сөзінше, Коробов "агрессор елдің армиясында қызмет етуден бас тартқаны үшін саяси қудалауға ұшыраған адам және халықаралық қорғауға лайық".

Бұған дейін, 2025 жылғы қыркүйекте, Қазақстанның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да Евгений Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Мекеме оның Ресейде қандай да бір "пікір-ұстанымына, соның ішінде саяси көзқарасына бола қудалануы мүмкін деп қауіптенуіне негіз жоқ" деп есептейтінін мәлімдеген.

Ресейдің әскери оқу орнын бітірген Евгений Коробов Сириядағы әскери операцияларға қатысқан кәсіби офицер. Ол Ресей Украинаға қарсы бастаған кең ауқымды басқыншылық соғыстың алғашқы күндері Киев облысындағы шайқастарға қатысқан 15-мотоатқыштар бригадасында қызмет атқарғанын айтады. Оның сөзінше, кейін өзі аяғын атып, әскери бөлімінен кетіп қалған, ал 2023 жылғы қаңтар айында Қазақстанға қашып келген. Ресейде оның үстінен әскерден қашты (дезертир) деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Денис Дживага осы кезге дейін елде бірде-бір Ресей азаматына босқын мәртебесі берілмегенін айтады.

"Осылай болатыны айқын еді", деді ол Астана Мәскеумен қарым-қатынасын шиеленістіргісі келмейтінін меңзеп.

Дживаганың айтуынша, Қазақстаннан пана сұраған ресейліктер арасында негізінен азаматтық белсенділер мен әскери қызметтен бас тартқан адамдар бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан полициясы пана сұраған ресейлік сарбазды Ресейге тапсырды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан шығаруға асық болған Қырым тумасын Ресей тұтқындап, опасыздық жасады деп айып тақты
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?