Қазақстан Ресейден қосымша 3 млрд текше метр газ сатып алмақ

Қазақстан мен Ресей қосымша 3 млрд текше метр газ сатып алу туралы келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Қазақстан энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев 19 маусым күнгі баспасөз жиыны кезінде айтты.

Оның сөзінше, тараптар бұған қоса, жаңа газ магистралін төсеу туралы меморандум жасасқан. Ол Астанадан Көкшетауға дейін, одан әрі қарай Петропавлға жетіп, Ресейдің Есіл қаласындағы газ станциясына қосылмақ. Алғашқы газ 2030 жылға қарай беріле бастайды.

Келісім мен меморандум Қазақстанның солтүстік облыстарын газбен қамтамасыз етуге бағытталған деді Тұтқышбаев.

"Келісімнің шарттары талқыланып жатыр, түсіністік бар. Жылдың соңына дейін менің ойымша, келісімшарттағы қандай да бір пунктерді айта аламыз деп ойлаймыз. Қазіргі кезде ресейлік әріптестеріміз QazaqGaz-дағы әріптестерімен бірге шарттарын әзірлеп жатыр" деді вице-министр.

"Власть" жазуынша, ведомствоның презентациясында Есіл – Астана газ құбырының ұзындығы 540 шақырым, ал жобаның құны 924 млрд теңге (шамамен 1,85 млрд доллар) деп көрсетілген.

Бұған дейін Қазақстан билігі Ресей газын Өзбекстан мен Қырғызстан аумағына тасымалдауды арттыратынын мәлімдеген.