Қазақстан шетел азаматтарының электронды рұқсат алу тәртібін бекітті

Қазақстан үкіметі визасыз елдерден (ЕАЭО елдері, ТМД, АҚШ, БАӘ, Германия, Ұлыбритания азаматтары да бар) келген шетелдіктердің елге кіруіне мүмкіндік беретін электронды рұқсат алу ережесін бекітті.

Электронды рұқсат 16 жасқа толмағандарға, 65-ке келген және одан асқан шетел азаматтарына, шетел делегациясы мен мемлекет басшыларына, Қазақстанның құрметті консулдарына, ҚР сыртқы істер министрлігінде аккредиттелген дипломатиялық және қызметтік паспорт иелеріне, республика үкіметі немесе билік органдары шақырған дипломатиялық курьерлерге, ҚР шекарасынан өтпейтін транзиттік рейстердегі жолаушыларға, елде уақытша тұруға рұқсат алғандарға, ресми мәртебесі бар босқындарға, баспана іздеушілерге, әуе кемелері, теңіз және өзен кемелерінің экипаждарының мүшелеріне, сондай-ақ пойыз бригадаларының мүшелеріне қажет емес деп жазылған үкімет қаулысында.

Марқұмның денесін жерлеу рәсіміне апара жатқан азаматтарға да мұндай рұқсат керек емес.

Өтініштер елге кірмей тұрып кемінде 72 сағат бұрын арнайы цифрлық платформа (QazETA) арқылы рәсімделеді. Электронды рұқсатты рәсімдеу тегін. 180 күнге жарамды.

Мұндай жүйе 1 қарашадан бастап Ақтау халықаралық әуежайында және жекелеген көлік құралдарын өткізу пункттерінде ("Үрлітөбе", "Ауқатты", "Атамекен және Нұрлы жол) іске қосылатыны хабарланды.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап оған Астана және Алматы халықаралық әуежайлары қосылады. 2027 жылдың 1 наурызынан бастап жүйе қалған шекара өткізу пункттерінде істей бастайды. 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап электронды рұқсат міндеттеледі, ал ондай рұқсаты жоқ шетелдіктер елге кіре алмауы мүмкін.

QazETA ресми порталының мәліметінше, шетелдіктерден шамамен 100 мың өтініш келіп өңделген.