Қазақстан билігі елден едел-жедел шығарып жіберген Александр Качкуркинге Мәскеуде мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған. "Первый отдел" құқық қорғау жобасы ақпараттық технологиямен айналысатын 25 жастағы маман Қазақстаннан Ресейге жеткен бойда ұшақта тұтқындалған деп жазды.
Мәскеудің Мещан аудандық соты мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған Качкуркин деген азаматты тергеу абақтысына қамау жөнінде шешім шығарғанын сенбі, 31 қаңтар күні ТАСС агенттігі хабарлаған. Алайда сот отырысы жабық өткендіктен істің бүге-шігесі белгісіз. "Первый отдел" жобасы 1 ақпанда Качкуркин жайлы біраз мағлұмат берді.
Оның дерегінше, Қырымда туып-өскен Александр Качкуркин – Украина азаматы. 2014 жылы түбекті Ресей аннексиялап алғаннан кейін Қырымның өзге де тұрғындары сияқты, кәмелетке жасы толмаған Качкуркинге де Ресей азаматтығын күштеп таңған, кейін ол саяси себептермен Қырымнан Қазақстанға қоныс аударған дейді құқық қорғаушылар.
Качкуркин Алматыда тұрған және IT саласында инженер болып еңбек еткен. Онымен серіктес болғандар арасында америкалық OpenAI компаниясы да аталады.
"Первый отдел" құқық қорғау жобасы зерттеген құжаттар арасында Қазақстан билігі Александр Качкуркиннің үстінен екі әкімшілік заң бұзу дерегі бойынша - көшеде жол ережесін сақтамағаны және жабық мекемеде кальян тартқаны үшін хаттама толтырған. Сотқа арыз 28 қаңтарда Алматының Бостандық аудандық полиция бастығы Дидар Ахановтан түскен.
Құқық қорғаушылар екі хаттамадағы айыптар қолдан құрастырылған деп есептейді. Алматы соты соларға сүйеніп, Качкуркинді "Қазақстан Республикасының заңдары мен егемендігін сыйламағаны үшін" ел аумағынан шығару туралы қаулы қабылдаған. Хаттамалар толтырғаннан бастап елден шығару туралы шешім қабылдап, Качкуркинді санаулы сағат ішінде Ресейге асығыс аттандырған. Құқық қорғаушылар әдетте мұндай істерді қарау бірнеше апта, тіпті бірнеше айға созылатынын еске салады.
Оған мемлекетке опасыздық жасады деген айыпты Украинаға ақша аударуына байланысты таққан деп жазды "Первый отдел". Күдікті өзін айыптымын деп немесе ақша аударғанын мойындады ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Ресей Қылмыстық кодексінің "Мемлекетке опасыздық жасау" жайлы 275-бабында 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
"Первый отдел" жобасының дерегінше, 2025 жылы Ресейде мемлекетке опасыздық жасады, тыңшылық етті, "шет мемлекеттермен құпия әрекетке барды" деген айыптаулардың 10 пайызы Украинаға ақша аударумен байланысты болған.
Қазақстанның ішкі істер министрлігі де, Алматының Бостандық аудандық полиция басқармасы басшылығы да Ресейге күштеп шығарылған Александр Качкуркиннің ісі бойынша жолданған сауалдарға жауап бермеген.
"Бұл бізге ресейлік күш құрылымдары Қазақстанның құқық қорғау органдары мен заңдарын адамдарды қудалауға қалай пайдаланатынын көрсеткен жайт болды. Қазақстан тіпті Украина азаматтарына да қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет болудан қалғанын тіркеп қоюға мәжбүрміз" деп мәлімдеген адвокат Евгений Смирновтың сөзін келтірген "Первый отдел" құқық қорғау жобасы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?