Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалға қатысты түсініктеме берді.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың сөзінше, 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында болған “тұрмыстық сипаттағы оқиғаға Қазақстан азаматтары да қатысқан”. Жанжалға қатысушылар ұсталған.
“Қолдағы мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатуды қажет ететін тұлғалар жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында” деді Ерлан Жетібаев.
Оның айтынша, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы оқиға орнына барып, "Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, барлық жағдайды нақтылап отыр".
Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Ресейдегі құрылыс нысандарының бірінде болған жаппай төбелестің видеосы тарап, қызу талқыланған еді.
47news.ru сайтының жазуынша, жанжалға "Велесстрой" компаниясы жалдаған қазақстандықтардың бірінің күзетшілермен төбелесуі себеп болған. Компания газ өңдеу кешеніне арналған тиеу терминалын салу үшін жұмысшылар жалдаған. Оқиға орнына Росгвардия мен ОМОН жетіп, төбелеске қатысушыларды ұстаған. СІМ өкілдері Санкт-Петербург пен Ленинград облысының полициясымен байланыста отырғанын хабарлады. СІМ компания басшылығы мен Ресейдің ресми органдарына сұрау жіберген.