Қазақстан соты шекара бұзған Иранның үш азаматын бір жылға бостандығынан айырды

Каспий теңізі, Маңғыстау облысы (көрнекі сурет)

Маңғыстау облысы Қарақия аудандық соты Иранның үш азаматын мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, оларды бір жылға бостандығынан айыру және жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығарып жіберу туралы үкім шығарды. Мұндай ақпаратты облыс прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратта биыл 24 шілде күні Каспий теңізінде балық аулау кезінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Иран Ислам Республикасының үш азаматын Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері ұстағаны айтылған.

Үшеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-1-бөлігі ("топ адамның алдын ала сөз байласып, мемлекеттік шекараны өткізу бекеттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту") бойынша іс қозғалған.

Прокуратура таратқан ақпаратта сотты болған Иранның үш азаматының аты-жөні, жынысы, жасы және өзге деректері келтірілмеген. Сотта олардың мүддесін кім қорғағаны да белгісіз.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.