Қазақстан Украина бойынша қарарға дауыс бергенде қалыс қалды

БҰҰ Бас ассамблеясындағы Украинаға қатысты қарар бойынша дауыс беру қорытындысы. 24 ақпан, 2026 жыл.

БҰҰ Бас ассамблеясында Украинадағы бейбітшілік бойынша қарарға дауыс берген Қазақстан қалыс қалды. Қалыс қалғандар арасында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения бар.

"Украинадағы баянды бейбітшілікті қолдау" деп аталатын қарарды жалпы 107 мемлекет қолдап, 12 ел қарсы шыққан. Қолдамағандар арасында Ресей, Беларусь, Иран, Куба, Судан бар.

51 ел қалыс қалды. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Үндістан, ОАР, Бразилия, Сербия, Венгрия сияқты елдер бар. АҚШ өкілі Тэмми Брюс қарарда бейбітшілік жөнінде келіссөздерге "кесірін тигізетін сөйлемдер болғандықтан" қалыс қалғанын айтты.

Ресей Украинаға әскери шабуылын бастағанына 4 жыл толған 24 ақпан Нью-Йоркте өткен дауыс беру процесіне Әзербайжан мен Түркіменстан қатыспаған.

Қарар Украинаның "егемендігін, тәуелсіздігі мен бірлігін және халықаралық дәрежеде мойындалған шекара аясындағы аумақтық тұтастығын" қуаттайды.

Онда Ресей мен Украинаны "жедел, толық әрі ешқандай шартсыз бітімге келуге" және "халықаралық құқық аясында жан-жақты, әділ әрі баянды бейбітшілік орнатуға" үндейді. Бұған қоса құжат әскери тұтқындарды, заңсыз ұсталғандар мен күштеп көшірілгендерді дереу босатуға шақырады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарынан айырмашылығы – Бас ассамблея қарары тек ұсыныс түрінде айтылады, ешкімге міндет жүктемейді.

Қарар жобасын Украинаның БҰҰ жанындағы миссиясы ұсынған. Дауыс беру нәтижелері шыққан соң Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига қарарды қолдаған елдерге алғыс айтты.

"Шешуші сәтте халықаралық қауымдастық ойын ашық білдіруі тиіс. Бүгін солай болды. Біз үшін бұл жай ғана кезекті дауыс беру емес. Бұл – Украина жалғыз емес екендігінің, БҰҰ хартиясындағы принциптер әлі де маңызды екенінің тағы бір айғағы. Бұл анық месседжді қолдаған 107 мүше мемлекетке алғыс білдіреміз" деп жазды Сибига Х әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ресей сыртқы істер министрлігі қарарда Мәскеуге "негізсіз айып тағылған" деп сынға алды және оны "біржақты әрі саясиланған құжат" деп сипаттады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды бейбіт тұрғындар мен инфрақұрылымға шабуылды тоқтатуға, ал ұйымға мүше елдерді гуманитарилық операциялардық қаржыландыруға шақырды.