Қазақстан пана сұраған Украинадан келген екі азаматтың өтінішін мақұлдады. Бұл жөнінде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлады. Бюроның жазуынша, азаматтардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысында, екіншісі Алматы облысында өтініш берген. Оларға бюро заңгерлері көмек берген.
"Құқық қорғау қауымдастығы үшін бұл екі оқиғаның маңызы жоғары: бұл өтініш берушілердің құжаттарын жүйелі түрде дайындау, әр адамның ісімен бөлек-бөлек айналысу және Қазақстан аймақтарында заңгерлік көмекке қол жеткізу оң нәтиже беретінін көрсетеді" деп жазды бюро заңгерлері.
Бұған қоса, мұндай жағдай уәкілетті мемлекеттік органның істі қарап, халықаралық нормалар мен ел заңнамасы аясында қорғау тетігін іске қосуға қабілетті екенін көрсетеді дейді бюро өкілдері.
Босқын мәртебесін беру 1951 жылғы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға, босқындарға қатысы бар 1967 жылғы хаттамаға және Қазақстанның 2009 жылғы «Босқындар туралы» заңына негізделеді.
Бюроның хабарламасында пана алған украин азаматтары туралы мәлімет аз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл ақпанда Informburo сайтына берген жауабында 176 адам Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап отырғанын айтқан. Ведомствоның айтуынша, қазіргі кезде елде 304 шетел азаматының босқын мәртебесі бар.
"Босқын мәртебесін нәсіл, ұлт, сенім, азаматтық, қандай да бір әлеуметтік немесе саяси көзқарасына бола қудалау құрбаны болуы мүмкін шетел азаматы ала алады" деп түсіндірген еді ведомство.
Қазақстан билігі бұған дейін соғыстан қашып келген кейбір ресейліктерге босқын мәртебесін бермеген. Босқын мәртебесін сонымен бірге Өзбекстан билігінің өздерін қудалап отырғанын айтқан бірқатар қарақалпақ белсенділері де ала алмаған еді.
Былтыр қарашада Адам құқығын қорғайтын 30-дан астам халықаралық ұйым Қазақстан билігін елде тұрып жатқан ауған әйелдерін депортацияламауға шақырған. Олар Қазақстан билігінің босқын мәртебесін алу бойынша өтінішті қараған кезде ауған әйелдеріне орындалмайтын талап қоятынын да жазған еді. Қазақстан билігі бұған реакция білдірген жоқ. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Қазақстанда шамамен 1 500 ауған азаматы бар, жартысына жуығы әйелдер мен балалар. Ал олардың босқын мәртебесін алу өтініштерінің басым бөлігі қабылданбаған: 2024 жылы 383 өтініштің тек 11-і ғана қабылданған.