Қазақстанда әкім сайлау неге тоқтады? Сарапшы пікірі

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің бірі (көрнекі сурет)

Қазақстанда аудан және қала әкімдерін сайлау тоқтатылды. Екі жылға созылған ірі саяси эксперимент ресми түрде аяқталды. Парламент қабылдаған жаңа заң бойынша, бұл лауазымдарға шенеуніктерді қайтадан облыс басшылары тағайындайды. Тек ауыл әкімдері ғана сайланады.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау арнап, саяси жүйені шұғыл демократияландыруды негізгі басымдық деп жариялады. Тоқаев халықтың талабын орындап, билікті орталықсыздандырудың басты қадамы ретінде осы сайлау жүйесін жетілдіру керегін айтқан.

Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау Қазақстанда тұңғыш рет 2023 жылдың 5 қарашасында сынақ режимде өтті. Сол күні 17 облыстың 45 ауданы мен облыстық маңызы бар 3 қала: Рудный, Балқаш, және Риддердің әкімі сайланды. Одан кейін 2024–2025 жылдары мерзімінен бұрын босаған орындарды қосқанда, бұл сынақ аяқталғанға дейін Қазақстанда 50-ден астам аудан мен қала әкімі халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланып үлгерді.

Бұл эксперимент қандай нәтиже берді, ол жөнінде салмақты сараптама, есеп жарияланған жоқ.

Тек 2025 жылғы 28 қарашада Қазақстан президенті бұл мәселені қайта қарау керек деген пікір айтты.

– Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар "аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па" деген мәселені қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтып отыр. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн, – деген еді Тоқаев.

Азаттық Қазақстандағы бұл өзгерістер жайлы саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірін білген:

Азаттық: Ақорда аудан, қала әкімдерін сайлау тәжірибесінен неге бас тартты? Бас тартудың себебін билік халық сенетіндей етіп түсіндіре алды ма?

Саясатанушы Димаш Әлжанов

Димаш Әлжанов: Мұнда бір нәрсені ескерген жөн, олар о бастан әкімдерді сайланбалы етуді еш қалаған емес еді. Яғни ауыл әкімдерін сайлау жүйесі бір күнде емес, жыл бойы кез келген уақытта өткізіліп, мобилизация болмайтындай етіп жасалды. Екіншіден, әкімдер атқарушы билік жүйесіне тәуелді болып қала береді. Олар халық сайлаған дербес лауазымды тұлғалар емес, атқарушы биліктің бір буыны.

Ауыл әкімдерін сайлау бойынша алынған тәжірибеде түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлаулар ауқымы үлкен болды. Олар бұл жағдай бақылауды жоғалтуға әкелуі мүмкін екенін байқады. Кей жерлерде тағайындау жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсінбейтін адамдар келіп жатты. Осы ретте әкімдердің кейбірі өз-өзіне қол жұмсап, жанжалдар болып, біраз әкім жұмыстан кетті. Өйткені олар сыбайлас жемқорлық элементтерімен байланысты осы жүйеде өз орнын таба алмай қиналды.

Ал аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау белгілі бір деңгейде шок болар еді. Әрине, оны бақылауға жеткілікті ресурстар бар, бірақ бәрібір бұл президенттің біржақты билігі мен оның айналасында құрылған жүйе үшін қауіпті. Сондықтан меніңше, олар алдымен қоғамға ой салу үшін, яғни белгілі бір демократиялану процесі жүріп жатыр деген әсер қалдырып, халықаралық серіктестерін де алдап соғып, енді міне одан бас тартып отыр.

2022 жылдан кейін-ақ олар толыққанды сайлауды енгізбейтіні анық болды. Мұнда тағы бір мәселе бар: сайлаулар тағайындалған әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған сайын өткізілуі тиіс. Бірақ олардың нақты мерзімі жоқ. Яғни олар қызметінде ұзақ уақыт отыра алады, тек қызметінен алынғанға дейін. Демек, сайлауға әкелетін нақты тетіктер бекітілмеген. Жалпы заңнаманың қалай қалыптасқанын қарасаңыз, бізде жергілікті өзін-өзі басқару көрсетілген. 1995 жылы сайлау туралы заңда да жергілікті өзін-өзі басқару сайлауларын реттейтін норма пайда болған. Бірақ ол органдар ешқашан құрылған жоқ және ол сайлаулар да ешқашан өткізілмеді. Мұнда да дәл сол жағдай. Яғни олар әкімдерді шын мәнінде сайланбалы етуді ешқашан жоспарламаған. Сондықтан бұл оқиға Қазақстандағы бар авторитарлық жүйе шеңберінде қисынды түрде осымен аяқталды.

Азаттық: Яғни, түптеп келгенде, мұндай өзгерістердің не үшін және қандай мақсатта жасалып жатқанын халық пен жалпы қоғамға еш түсіндірімеді ғой?

Димаш Әлжанов: Бұл режим қазір қоғаммен диалог орнатуға тырыспайтын кезеңге өтті. Біріншіден, бұл «эксперимент» Тоқаевтың өз легитимдігін күшейту қажеттілігімен байланысты болды. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық пікірді белгілі бір деңгейде өзгерту қажет болды. Сондықтан осы реформа пакеттері, түрлі имитациялық қадамдар жасалды. Әкімдерді сайлау да сол пакеттің ішінде болды. Яғни мұның бәрі елде бір нәрсе өзгеріп жатыр деген иллюзия қалыптастыруға бағытталды. Билік шоғырланып, күн тәртібінде билікті сақтау емес, оны ұзарту, күшейту немесе біржола бекіту мәселесі тұрған кезде, мұндай сайлауларды өткізуге деген қажеттік жойылады. Бұл президенттің жеке билігінің елде одан әрі күшею логикасына толық сай келеді.

Қоғамға не үшін түсіндіру керек? Қоғам ешкімді сайламайды ғой, ол саяси процестен ығыстырылған, оған қарсы күшейтілген репрессив шаралар қолданылып жатыр. Мәселен, бүгін сіздің әріптесіңіз Лұқпан Ахмедияров ұсталды. Бұл жерде қоғаммен диалог пен өзара әрекеттесуден гөрі репрессия әдістеріне басымдық беріліп отыр. Сондықтан Ақорда тарапынан бұдан өзгеше саясат болады деп күтудің қажеті жоқ.

Азаттық: Қазақстанда бұған дейін әкім сайлауына қарсылық ретінде қоғамда сепаратистік қауіп бар деген бейресми уәж айтылатын. Бірақ соған қарамастан президент Тоқаев өзі бастамашы болып, әкімдерді сайлауды ұсынған еді. Енді одан қайта бас тартуға Ресейдің Украинаға шабуылы әсер еткен жоқ па?

Димаш Әлжанов: Шын мәнінде, бұл нарратив Назарбаевтың тұсында ойлап табылған: сепаратизмнен қорқыту арқылы халықты үрейде ұстау, әсіресе қазақ қоғамының бір бөлігінің «жерімізді қайтадан тартып алады» деген қорқынышын пайдалану. Негізі, егер сіз сайланбалы жүйені енгізсеңіз, сайланған әкімдер Конституция аясында әрекет етеді. Конституция кез келген сепаратистік үрдістерге тыйым салады немесе ондай жағдайлардың алдын алатын нақты тетіктер бар болса, мұндай қауіптер болмайды. Яғни орталық биліктің әрдайым Конституцияны бұзған адамдарға қатысты белгілі бір шаралар қолданып, ұстауға, қамауға алуға мүмкіндігі бар.

Қазақстан — аумақтық тұтастық пен көрші елдерге байланысты қаупі бар жалғыз мемлекет емес. Әлемдегі барлық елде түрлі деңгейде мұндай қауіптер бар. Бірақ бұл олардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуына және қоғамға жергілікті билікті сайлауға мүмкіндік беруіне кедергі келтірмейді. Мысалы, Молдова Конституциясын қараңыз. Оларда Приднестровье бар, онда Ресей әскері орналасқан, бірақ соған қарамастан бұл постсоветтік кеңістіктегі орталықсыздандыру реформасын жүргізген елдердің бірі. Украина да соғыс жағдайында бола тұра реформаларды жүргізді.

Мәселе неде? Назарбаев тұсында да, қазіргі Тоқаев әкімшілігі кезінде де билікті толық бақылауда ұстауға деген ұмтылыс бар, өйткені біржақты билік жүйесін тағайындалатын жергілікті әкімдіктер арқылы да ұстап тұр. Билікті орталықсыздандыру авторитарлық жүйені түбегейлі әлсіретеді. Сондықтан қандай да бір сылтаумен республиалық маңызы бар қалалардың, мысалы Алматы сияқты қалалардың әкімдерін сайлауға жол берілмейді. Өйткені егер Алматы әкімі сайлана бастаса, жүйе біртіндеп өзі-ақ ыдырай бастайды. Олар мұны жақсы түсінеді. Бұл жерде мәселе сепаратизмде емес, жеке билікті сақтап қалуда және тағайындау жүйесі арқылы ресурстарға бақылауды ұстап тұру мүмкіндігінде.

Азаттық: Есіңізде болса былтыр ауыл әкімдерімен кездесуде президент Тоқаев аудан әкімдерін сайлау мәселесін қайта қарауды айта келіп, "халық сайлаулардан мезі болды, жалығып кетті" деген. Бұл аргументтің негізі бар ма?

Димаш Әлжанов: Жоқ, әрине, өйткені бұлай айту үшін ең болмаса бір рет болса да шынайы, бәсекелі сайлауға қатысып көру керек еді. Ал Қазақстан тарихында ондай сайлау болмағандықтан, бұл тек қоғамдық пікірді манипуляциялау ғана.

Азаттық: Өзгертілген нұсқаға қарағанда, заң бойынша аудан, қала әкімдерін облыс әкімдері тағайындайды. Бірақ жергілікті мәслихат депутаттарымен келіседі. Бұл енді әкім тағайындауда мәслихат депутаттарының рөлі, құзіреті күшті дегенді білдіре ме?

Димаш Әлжанов: Жоқ, әрине. Қараңыз, айырмашылық неде: мәслихаттар немесе жергілікті кеңестер шынайы саяси күшке ие болған жағдайда жағдай мүлде басқаша болады. Мысалы, демократиялық елдерде орталық билік оларды жай ғана таратып жібере алмайды. Себебі ол кеңестерте өкілі отырған партияларды толық бақылай алмайды. Мысалы Нидерландыны алсақ, жергілікті немесе муниципалдық кеңесті тарату үшін парламент арнайы заң қабылдауы керек, оның өзі тек аса ауыр дағдарыс я Конституцияны бұзу немесе муниципалитеттің негізгі қызмет қағидалары өрескел бұзылуы сынды себеп болуы керек. Ал мұнда муниципалитеттер үшін ешқандай конституциялық кепілдіктер жоқ.

Бұл жүйе Назарбаев тұсында солай қалыптастырылған. Сондықтан мәслихаттар көбіне формалды, негізінен өкілдік сипаттағы орган ғана болып қалады да, ол жергілікті қауымдастық атынан нақты билікті жүзеге асыратын орган емес. Сондықтан бұл - «парламенттің келісімімен» деген сынды айланың бір түрі. Бірақ конституциялық құрылым тұрғысынан алғанда бұл нақты мазмұн бермейді, өйткені бұл органдардың артында дербес саяси күштер жоқ және олар конституциялық тұрғыдан да жеткілікті қорғалмаған. Болашақ реформалар осы мәселелерді түзетуі керек деген ұстаным бар. Яғни парламент пен жергілікті кеңестерді не үшін күшейту керек деген сұрақтың жауабы да осы. Әйтпесе биліктің бір қолға шоғырлануына қарсы тұратын тежемелік және тепе-теңдік жүйесін құру мүмкін емес.