Қазақстанда бір жылда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқандарға қарсы 700 қылмыстық іс қозғалған. Бұл рекорд деп жазды "Прощай, оружие" жобасымен бірге есептеген "Медиазона".
Қазақстан соттары "Вагнер" жалдамалысы болғандарға және Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойғандарға бірдей үкім шығарады. Қазақстан Қылмыстық кодексі бойынша, олар соғысқа барып, «қылмыстық ниетін жүзеге асырған».
Бұған дейін Қазақстанда жылына осы сияқты ондаған істер ашылатын, алайда 2025 жылы украиналық "Хочу жить" жобасының хабарламаларынан кейін жағдай өзгерген деп жазды "Медиазона".
Қазақстан билігі әзірге басылым келтірген деректерге реакция білдірмеді.
"Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, Украинамен соғыста Қазақстанның кемінде 200 азаматы қаза болған.
Журналистер Ресей әскері, әсіресе тілдік кедергінің төмендігі мен көрші елдердегі орыстардың көптігін, сондай-ақ Ресейдегі мигранттардың көптігін ескере отырып, соғысқа көбіне постсоветтік республика аумағынан адамдарды көбірек тартатынын жазады.
Қазақстан ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы соғысында бейтарап ұстанымда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды келіссөзге шақырып, соғыста араағайын болуға дайын екендігін айтып келеді.
- 2022 жылдың қарашасында Ресей президенті Владимир Путин шетел азаматтарын Ресей әскеріне шақыруға рұқсат беретін жарлыққа қол қойған. Бұрын мұндай шақыру арқылы Ресей азаматтары ғана әскерде бола алатын. Ал шетелдіктер келісімшарт бойынша істей алған.
- 2023 жылдың көктемінде Путин соғыс кезінде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан шетел азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған.