Қазақстанда блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларға сайлау кезінде партиялар мен кандидаттарға тегін қолдау көрсеткені үшін айыппұл салынуы мүмкін. Мұны Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Мәжілісте жаңа заң жобасын талқылау кезінде мәлімдеді, деп жазды қазақстандық басылымдар.
Партия рәміздері бейнеленген жазбаларды, партия логотипі бар киім киген адамдардың фотосын немесе видеосын жариялаған және сайлау кезінде партиялар мен кандидаттарға ақысыз қолдау көрсеткен әрекет үшін айыппұл салынуы мүмкін.
Талқылауға депутат Никита Шаталовтың партияларды қолдау мақсатында ақысыз контент жариялайтын блогерлер жайлы сұрағы себеп болды.
"Орталық сайлау комиссиясы блогердің әрекеттерін мұндай жағдайда қалай жіктейді? Азаматтың тәуелсіз үгіт-насихаты, жасырын үгіт-насихат немесе шығындар мен есепте көрсетілуге тиіс үгіт-насихат элементі ретінде ме?" деп сұрады Шаталов.
ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов егер блогер кандидатпен немесе партиямен келісімшарт бойынша қарым-қатынаста болмаса, олардың әрекеттері жасырын үгіт-насихат ретінде қарастырылуы мүмкін деп жауап берді.
"Егер мұндай жазбаша келісім болмаса, онда ол жасырын үгіт жүргізу болып саналады. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 118-бабы бойынша жазаланады", деді Шавкат Өтемісов.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 118-бабында кандидаттарға немесе саяси партияларға олардың жазбаша келісімінсіз қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар жауапкершілік арқалайтыны айтылған. Ондай жағдайда жеке тұлғаға 20 АЕК (шамамен 86 500 теңге / 190 АҚШ доллары) мөлшерінде айыппұл салынады. Кәсіпорындар мен ұйымдарға салынатын айыппұл көлемі одан да жоғары.