Қазақстанда екі тәулікте 61 заңсыз жанармай тасу талпынысы тіркелді

Шекара маңында тұрған көліктер. Көрнекі сурет.

Қазақстан шекарасы маңындағы өткізу бекеттерінде кейінгі екі күнде “қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам жанар-жағармай материалдарын әкетудің 61 әрекеті тоқтатылды”. Бұл жөнінде 4 шілдеде үкімет отырысында Қазақстан қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, шекара маңындағы тасжолдарда автоцистерналар мен бензин тасығыштар тексеріліп жатыр.

“Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемінің қалыптан тыс өсуі тіркелген 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізуде. Аталған субъектілерге қатысты тиісті тексеру іс-шаралары жүргізілетін болады” деп жазылған үкіметтің хабарламасында.

Біржанов нақты қай елдің шекарасында жанармай тасымақ болған көлік ұсталғанын айтпады.

Бұған дейін Ресейде украин дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына жаппай шабуылынан кейін отын тапшылығы туындаған шақта ресейліктердің “арзан бензин алу үшін Қазақстанға ағылғаны” жайлы ақпарат болған. Энергетика министрлігі ақпаратты құқық қорғау органдары тексеретінін айтып, шектеу шаралары қойылғанын алға тартқан.

Қазақстанда бензин мен дизельді тасуға тыйым салынған.