29 қарашада Қазақстанда мәслихат сайлауы басталды. Жексенбі күні елде 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың 101-і таңғы сағат 6-да ашылды. Қалғаны сағат 7-де ашылды.
ОСК дерегінше, елде 12 679 459 адамның дауыс беруге құқығы бар.
Сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде партиялық тізім бойынша – 1219 адам, бір мандатты округ бойынша 9752 адам бар.
Елдің 20 өңірінде өтетін жергілікті сайлауда түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына дауыс беріледі. Бір мандатты сайлау округтерінің саны – 3113. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесі – 43,2 пайыз. Бір мандатқа орта есеппен 3 адам таласпақ.
Бюллетеньде "бәріне қарсымын" деген таңдау болады.
Орталық сайлау комиссиясы өткізген жеребе бойынша, бюллетеньде партиялар мынадай тәртіппен жазылады: 1. "Ауыл" партиясы; 2. "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия"; 3. "Қазақстанның Халық партиясы"; 4. "Respublica" партиясы; 5. "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы; 6. Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы; 7. "Әділет" партиясы.
Бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде кейбір азаматтар кандидат ретінде тіркеле алмағанына шағымданған.
Солардың бірі Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданған. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жолдаған жауабында Бағлан Зиябековтің мәслихат сайлауына қатысуға ниет білдіргенін растады, бірақ оның "құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін" айтты. БҚО-да полиция тәуелсіз бақылаушылардың үйлері мен кеңсесін тінткен. Полиция ұйымға қатысты алаяқтық туралы екі арыз түскенін айтқан.
Қазақстан бас прокуратурасы 27 қарашадағы хабарламасында мәслихат сайлауы қарсаңында заңнаманы сақтау қажеттігін айтып, талаптарды бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйек күні көтерген.
Мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы Amanat партиясынан сайланған еді. Ширек ғасыр бойы елдегі негізгі билік партиясы болып келген ол ұйым 2026 жылдың көктемінде жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылдаған. Тоқаевтың айтуынша, заң бойынша тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың едәуір бөлігінің заңды мәртебесіне қатысты сұрақ туындайтын еді.