Қазақстанда өзбек профессоры 10 жылға сотталды. Туыстары істі қайта қарауды талап етеді

Икболжон Корабоев

Қазақстанда өзбекстандық ғалым Икболжон Корабоев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы 19 қарашада оның туыстары «Азаттық Азияға» хабарлады.

Туыстарының мәліметінше, сот 46 жастағы Корабоевты тыңшылық жасады деп таныған. Сот отырыстары іс материалдарында құпия ақпарат болғандықтан жабық режимде өткен. Ғалымның отбасы үкім шыққанын соттан немесе ресми органдардан емес, өз дереккөздері арқылы білген.

Профессор 2026 жылы 3 шілдеде Астанада ұсталған еді. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Корабоевқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы — «Тыңшылық» бойынша айып тағылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары әзірге үкімге түсініктеме берген жоқ. Қазақстан билігі тергеу тыңшылық деп бағалаған әрекеттердің нақты неден тұрғанын да жарияламады.

Бұған дейін туыстары ғалым ұсталғаннан кейін онымен байланысу қиын болғанын айтқан. Оның үш баласына әкесімен видео арқылы қысқа уақыт қана сөйлесуге рұқсат берілген.

Корабоевтың туыстары мен әріптестері оның ғылыми қызметіне де назар аударған. Ғалым аймақтық интеграция, геоэкономика және Орталық Азияның стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарын зерттеген. Әріптестерінің айтуынша, ол ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

Ғалымның туыстары тергеу және сот материалдарымен танысуға, сонымен бірге үкімнің көшірмесін алуға әлі күнге дейін мүмкіндік берілмегенін айтады. Олардың сөзінше, сұратылған ақпараттың бәріне «аса құпия» деген белгі қойылған. Отбасына айыптау бойынша ғалым қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істегені және сотқа қандай нақты дәлелдер ұсынылғаны да хабарланбаған.

«Бізге тергеудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат берілген жоқ. Айыптауға қатысты нақты материалдар мен дәлелдер қолымызға тиген жоқ», – деген профессордың аты-жөнін қауіпсіздік мақсатында жариялаумауды сұраған туыстарының бірі.

Оның айтуынша, отбасы Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, омбудсменге және құқық қорғау ұйымдарына өтініш жолдаған. Алайда мемлекеттік органдардан мардымды жауап алмаған. ҰҚК басшылығы ауысқаннан кейін отбасы комитеттің жаңа басшылығына, президент пен Бас прокурорға қайта жүгінген.

Туыстары үкімді апелляцияға беруді, профессорды толық ақтауға қол жеткізуді көздейді. Олар тергеу және сот материалдарын беруді, Корабоевты университеттегі бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, еңбек құқықтарын қалпына келтіруді, ықтимал заңбұзушылықтарды ресми мойындауды және оның беделін қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Ғалымның отбасы әріптестерін, достарын және қоғамды оның тағдырына бейжай қарамауға, Қазақстан билігіне істі қайта қарау туралы өтініш жасай беруге шақырды.

«Өзбекстан мен Қазақстан сияқты бауырлас екі мемлекет арасында мұндай жағдай қалай болуы мүмкін? Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Көршілес әрі достас елміз, ортақ тарихымыз бен тығыз бауырластық байланыстарымыз бар. Франция Бельгия азаматын тыңшылық жасады деп ұстап, соттады деп елестетуге бола ма? Біз де бауырлас халықпыз. Арамызда сенім, өзара құрмет пен әділдік болуы керек», – деді ғалымның туыстарының бірі.

Қазақстанның ресми органдары Корабоевқа шығарылған үкімге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Корабоев – Өзбекстан азаматы. Өзбекстанның да бұл мәселеге қатысты ұстанымы белгісіз.