Қазақстанда Ресей өтінішімен ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская босатылды

Қазақстанда Ресей өтінішімен ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская босатылды. Бұл жөнінде оның адвокаты Алексей Прянишников “Неміс толқынына” хабарлады. Рожанская Еуроодақ елдерінің біріне ұшып кеткен.

Басылымның жазуынша, Рожанскаяны босатуға Украина билігі, атап айтқанда сыртқы істер министрлігі мен омбудсмен күш салған. Бұған дейін адвокат “Қазақстан Украинамен Рожанская бойынша конструктивті диалог жүргізіп жатқанын” хабарлаған еді.

1 қазанда Қазақстан билігі өзінің немересін Украинаға алып кетпек болған Украина азаматы Любовь Рожанскаяны ұстаған. Ресейде оны бала ұрлауға әрекеттенді деп айыптаған.

Ақпаратқа қарағанда, Ресейдегі қызы мен оның екінші күйеуі “өзара келісімге сәйкес” Рожанскаяға немересін Астанаға ұшаққа отырғызып жіберуі керек болған. Немересін Ресей жағы ақыры жібермеген.

Любовь Рожанскаяның қызы Алла Сончик бірінші күйеуінен туған баланы 2021 жылы Ресейге алып кеткен. Онда ол екінші күйеуімен бірге тұрады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Алла Сончик өзі мен ұлына Ресей азаматтығын алған. Дегенмен 2025 жылы наурызда Украина Жоғарғы соты баланың әкесінің талап арызы бойынша баланың тұрғылықты жері Одесса деп шешті, онда оның әкесі – Украина азаматы тұрады. Insider -дің жазуынша, баланың әкесі Украина қарулы күштерінде қызмет етеді.

Прянишниковтың сөзінше, 2023 жылы Ресейде баланы алып кетпек болған Украинаның тағы екі азаматы ұсталған. Оларға да "бала ұрлауға әрекеттенді" деген айып тағылып, ақыры 15-16 жылға сотталды.

Рожанская Астанадағы ұстауды “алдын ала жоспарланған операция” және “ФСБ арандату әрекеті” деп атаған.