Қазақстанда Республика күнін атап өтіп жатыр

Бүгін, 25 қазан – Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні. Осы күні Қазақстанның әр өңірінде мейрамға байланысты мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралар, ту көтеру рәсімдері өтеді.

Халықты мерекемен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр" деді.

"Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық. Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек. Осы орайда, Конституциямыздың заңды күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды. Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің толығымен жаңаруына, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларында түбегейлі өзгерістер жасауға үлкен серпін берді” деп жазылған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында."

13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл бесінші рет тойланып жатыр.

25 қазанда атап өтілетін Республика күні – Қазақстандағы ұлттық мереке. 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық мереке деп жарияланған. 2009 жылы мемлекеттік мерекелер қатарынан түсіп қалып, 2022 жылы қайтадан ұлттық мереке мәртебесін алды.

1990 жылы 25 қазанда СССР құрамындағы Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесі Егемендік туралы декларация қабылдаған. Онда Қазақстан "халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүделлеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар" егемен мемлекет деп жарияланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан тәуелсіздігін жарияласын деп талап қойғандар неге қудалауға түсті?