Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп жатыр

АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешенінің маңы. 31 мамыр, 2025 жыл.

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Елдің түрлі өңірінде ресми шаралар өтіп жатыр.

Ақорда сенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы күнге орай жасаған үндеуін жариялады. Онда саяси қуғын-сүргін тақырыбы аз қамтылған.

"Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз" деп жазылған үндеуде.

Былтыр Ақмола облысындағы АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барған Тоқаев “тарихты саясаттың қолшоқпары етпеуге” үндеп, "өткенге жалтақтамауға" шақырған еді.

“Қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі” деді ол.

Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.

Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.

Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Бұған дейін совет дәуірін зерттеп жүрген Қазақстан тарихшылары Ресейге кіре алмай жүргенін, оларды әуежайдан кері қайтарып жіберіп жатқанын мәлімдеген. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбайды.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер елде саяси қудалау әлі тоқтамағанын айтады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина осы күн қарсаңында Facebook-тағы парақшасында елде 31 саяси тұтқын барын еске салды.

Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамай келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстандағы ашаршылыққа Германия ғалымының көзқарасы. Роберт Киндлермен сұхбат