"Оппозиция емеспіз". Қазақстанда тағы бір топ партиясын тіркей алмай отырғанын айтты

2022 жылғы президент сайлауында кандидат болған экономист Мейрам Қажыкен YNTYMAQ дейтін партияны тіркей алмай отырғанын айтады.

Қазақстанда тағы бір бастамашыл топ партия тіркеуге өтініш бергенін, бірақ рұқсат ала алмағанын, әкімшілік кедергілерге тап болғанын мәлімдеді. Экономист, 2022 жылғы президент сайлауында кандидат болған Мейрам Қажыкен YNTYMAQ бастамашыл тобы атынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, осы мәселеге назар аударуды сұрады.

Қажыкен үндеуді 13 қаңтар күні Facebook-тегі парақшасында жариялады. Президентке бағытталған үндеуде мәтін авторлары "партиялардың нақты бәсекелестігінсіз демократиялық жүйені дамыту мүмкін емес, ал кез келген реформалар декларативті сипатта қалып қою қаупіне ие" дейді.

Олар "конституциялық құқығына қол жеткізе алмайтын жағдайға тап болғанын" айтады.

"Біздің "YNTYMAQ" бастамашыл тобы екі рет "YNTYMAQ" республикалық саяси партиясын тіркеуге құжат тапсырды. Екі жағдайда да заңды түрде құрылтай съездері өткізілді, барлық ресми рәсімдер сақталды, қажетті құжаттар дайындалды. Соған қарамастан, оңай түзетуге болатын ескертпелер бойынша бас тартулар алдық. Осыдан кейін біз қоғамдық өмірге қатысудың баламалы формасы ретінде "ULT YNTYMAGY" республикалық қоғамдық бірлестігін құруға шешім қабылдадық. Алайда бұл бастамамызға жиырма екі рет бас тарту берілді, әр жолы жаңа, мәнсіз формалды себептермен. Тіркеу рәсімі құқықтық бақылау тетігіне емес, еңсерілмейтін әкімшілік кедергіге айналды" дейді үндеу авторлары.

YNTYMAQ мүшелері өз үндеуінде Қазақстанның саяси өміріне баға берген халықаралық түрлі ұйымның мәлімдемелерін мысалға келтіреді. Атап айтқанда, Freedom House ұйымының Қазақстанды "еркін емес ел" дегені, World Protests зерттеушілерінің әлемде саяси әрі әлеуметтік теңсіздіктерге байланысты қарсылық шерулері жиілегені туралы есебі де бар. Мәтін соңында YNTYMAQ мүшелері Тоқаевтан үндеуді дұрыс түсінуді және Қазақстанда партиялар мен бірлестіктерді тіркеу мәселесіне жете мән беруді сұрайды.

2022 жылы қарашада президент сайлауына қатысып, 2,5 пайыз ғана дауыс алған Мейрам Қажыкен сол жылы-ақ партия құратынын мәлімдеген. Бірақ тіркете алмады. Бұған наразылық ретінде YNTYMAQ мүшелері 2024 жылы желтоқсанда да президентке осыған ұқсас үндеу жолдаған.

Азаттыққа берген сұхбатында Мейрам Қажыкен YNTYMAQ бағдарламасы қазіргі билікке оппозиция емес дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстан мұнайына қауіп, партия тіркеу, Ирандағы қарсылық — AzatNEWS l 14.01.2026

"АРТЫМЫЗДА ЕШҚАНДАЙ ОЛИГАРХ ТҰРҒАН ЖОҚ"

Азаттық: Мейрам мырза, сіз партияны, қоғамдық бірлестікті тіркеу кезінде кедергілерге тап болдық деп отырсыз. Заңдағы талаптарды толық орындадыңыздар ма? Сіздерді қандай себеппен тіркемеді? Әділет министрлігі не дейді?

Мейрам Қажыкен: Біз заң бойынша екі жылда екі съезд өткізіп, екеуінде де тізім жасадық. Құжаттарды түгел қабылдағаннан кейін "жарамсыз" деп қайтарып берді. Бірінші жылы 5800 адамның ("Саяси партия туралы заң" бойынша кемі 5 мың адамның қолы керек, – ред.), екінші жылы 6800 адамның тізімін өткіздік. Бізге тізімде төрт-бес адамның екі азаматтығы бар, оларды шығару керек деді. Біз олардың нақты кім екенін сұрадық. Өйткені тізімде адам көп қой. "Жоқ, өздеріңіз іздеңіздер" деді. Біз содан мұның болмайтын шаруа екенін түсіндік. Оны табу мүмкін емес. Осыдан кейін күшіміз босқа кетпесін деп республикалық қоғамдық бірлестік құрамыз деп шештік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қанды қаңтардан" кейінгі сайлау. Алты кандидат бар, бәсеке жоқ шара

Азаттық: Өзіңіз айтып отырғандай құжаттарыңыз дұрыс болса, барлық талапқа сай болса, неге тіркемейді деп ойлайсыз?

Мейрам Қажыкен: Оны білмеймін. Өйткені біз оппозициялық партия емеспіз. Арамызда белсенді, танымал азаматтар бар. Неге екенін білмеймін. Мүмкін өздері шешкен саясат бар шығар. Екі-үш жыл ешкімді тіркемейміз, рұқсат бермейміз деген. Мүмкін.

Азаттық: Сіздер 2024 жылы да президентке осы мәселе бойынша үндеу жолдағансыздар. Соған және осы соңғы үндеулеріңізде президент жауап берді ме, Ақордадан реакция болды ма?

Мейрам Қажыкен: Ешқандай жауап келген жоқ. Сөйлесуге де шақырмады. Бізді үш-төрт жыл таниды, біледі. Бізбен сөйлесіп, мақсаттарыңыз қандай, армандарыңыз қандай, идеология бар ма деп сұрамады. Сонымен біз вакуумда жүрген сияқтымыз.

Азаттық: Қазақстанда партия құрып, шынайы саясатқа араласу ежелден оңай болмаған. Сіздер сонда да қазіргі билікке оппозициядағы партия құрғыларыңыз келе ме? Біз оппозиция емес деп қалдыңыз. Құпия болмаса қаржыландырушылар кім екенін айта аласыз ба?

Мейрам Қажыкен: Ақшаны өз қалтамыздан шығарамыз. Өткен екі съезге өзіміз жинадық. Шығын көп те емес. Біз әлі партия емеспіз ғой. Партия болмағаннан кейін ақша көп керек емес. Оппозиция емес екенімізді қалай дәлелдейін? Партия болмағаннан кейін біздің әлі позициямыз да жоқ қой.

Азаттық: Партияларыңыз жоқ болса да, арнайы бағдарламаларыңыз бар. Бірақ сол бағдарламаларыңыз қазіргі билікке, биліктің жүргізіп отырған экономикалық, болмаса басқа да саяси бағдарламаларына оппозиция емес қой, иә?

Мейрам Қажыкен: Оппозиция дегенді қалай түсінуге болады? Біз әлі ұжым емеспіз ғой.

Азаттық: Яғни тіркеліп алсаңыздар, содан кейін нақты позицияларыңызды көрсете бастайсыздар ма?

Мейрам Қажыкен: Әрине. Сол кезде позиция белгілі болады. Одан кейін бағдарлама да болады, идеология да болады. Қазір біз тек қана сондай бір мақсатпен жүрміз. Бірақ биыл партия болмайтын шығар. Бізге осы биыл республикалық қоғамдық бірлестікті тіркесек, сол да жетіп тұр. Сонымен де көп жұмыс істейміз.

Азаттық: Сіздер партия болып құрғыларыңыз келетін, бірлестік болып құрғыларыңыз келетін YNTYMAQ Жанар Сүлейменова деген кәсіпкерге тиесілі кеңседе тіркеліпті. Бұл адамның YNTYMAQ-қа тікелей қатысы бар ма? Қаржыландыра ма? Мұны сұрап отырғанымыз, кейбір сайттар Сүлейменованың күйеуін де, өзін де миллиардер Тимур Құлыбаевтың ықпалындағы адам деп жазған.

Мейрам Қажыкен: Жоқ. Жанар Сүлейменованың өзі тұлға ғой. Тұлға ретінде кірді арамызға. Мен қанша ақша шығарамын, Жанар да сонша қосады.

Азаттық: Демек, аз да болса да қаржыландырушылар ішінде бар ғой?

Мейрам Қажыкен: Енді ол өзінің тапқан ақшасы ғой. Жалақысы. Күйеуінің қалтасына қолын салып отырған жоқ. Енді біреудің күйеуі, әжесі, нағашысы, көршісі деген болмайды. Әр адам өзі тұлға, өзі жауап береді.

Азаттық: Сіздердің арғы жақтарыңызда миллиардер Тимур Құлыбаевтар, болмаса басқа да үлкен бір олигархтар тұрған жоқ қой?

Мейрам Қажыкен: Жоқ, бірде-бір адам жоқ. Біздің артымызда ол адамдар тұрса, Қазақстан біледі ғой. Олар біздің не істеп жүргенімізді, кіммен сөйлесеміз, қайда барамыз, түгелін біледі. Арамызда ешқандай арқа сүйейтін бірде-бір миллиардер жоқ. Біздің бағдарламада олигархтарға қарсы шығамыз деген ұсыныс айтып отырмыз. Олигархтарды жою керек, олигарх керек емес деп отырмыз. Қазақстанның экономикасын дамытуға жол бермейтін – олигархтар.

Азаттық: Қазақстанда партия немесе ұйым ретінде тіркеле алмай жүрген бірнеше топ бар. "Атажұрт" белсенділер, "Алға, Қазақстан" белсенділері деген сияқты. Солармен коалицияға бірігіп, билік санасуға тұратындай үлкен топ болуға талпыныс жасамадыңыздар ма?

Мейрам Қажыкен: Біз екі партияға барып, әңгімені бастаған едік. Соның біреуі – ЖСДП. Нұрлан Әуесбаевты (мәжіліс депутаты, 2022 жылғы президент сайлауында кандидат болған, – ред.) білеміз, біз екеуіміз сайлауға қатысқанбыз. Содан бері танимын. Сосын "Ауыл" партиясы. Жай ғана сөйлестік. Ойымыз бар, қосыламыз ба дегендей. Ал енді біз ұжым болмағаннан кейін әлі нақты сөз, әңгіме болған жоқ. Бірақ олар қарсы емеспіз деп айтқан сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бір палаталы парламент: халыққа жақындай ма, әлде Ақордаға тәуелді бола ма?

Азаттық: Яғни тіркелген партияларға бардыңыздар. Бірақ тіркеле алмай жүрген өздеріңіз сияқты топтармен ондай қарым-қатынас жасаған жоқсыздар ғой иә?

Мейрам Қажыкен: Біз оларды сырттай білеміз, олардың көзқарасы бізге сәйкес келмейді.

Азаттық: Ешқандай нәтиже болмаса, сіз және айналаңыздағы белсенді азаматтар партия, бірлестік құрудан бас тартып, белсенділікті тоқтатасыздар ма?

Мейрам Қажыкен: Жоқ, қайта қасымда жүрген әріптестерім тоқтамаймыз деп отыр. Олар менен жастау ғой. Партияны бір жылда ма, он жылда ма, әлде жиырма жылда ма, бәрібір тіркейміз деп бекіндік. YNTYMAQ идеологиясының контуры көрініп келе жатыр. Ал идеология деген ешқашан өлмейді ғой. Мен өзім зейнетке шықтым. Профессормын, сабақ беремін, кітап жазамын, басқа да жұмыстарым бар. Соны айтсам, олар "жоқ, бастадық па, жүреміз" деді. Олай болса, ары қарай барамыз.

* Сұхбат ұғынықтылық үшін ықшамдалып, өңделді.

ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Азаттық YNTYMAQ партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мәлімдемесіне байланысты Әділет министрлігіне сауал жолдады. Сондай-ақ, қазір қанша партия тіркеу процесінде екенін, "Алға, Қазақстан", "Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтардың құжатын қабылдау мәселесінде қандай сәйкессіздік барын да сұрадық.

Редакцияға жолдаған хатында министрлік: "YNTYMAQ республикалық партиясын және YNTYMAQ қоғамдық бірлестігін тіркеу бөлігінде ұсынылған құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды, осыған байланысты Әділет министрлігі мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы уәжді бұйрықтар қабылдады" деді. Яғни, Мейрам Қажыкеннің айтқанын қуаттаған болып, нақты ненің қате екенін ашып айтпады.

Ал "Алға, Қазақстан" және "Атажұрт" партияларын тіркеу туралы өтініште "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабының ("Саяси партияға мүше болу") талаптары орындалмаған делінген.

Your browser doesn’t support HTML5

Он жетінші талпыныс. "Алға, Қазақстан" партия ретінде тіркелуге тағы құжат тапсырды

"2026 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша партияларды құру туралы хабарламалар және саяси партияларды тіркеу туралы өтініштер түскен жоқ" дейді министрлік.

ПАРТИЯ ТІРКЕУДІҢ МАШАҚАТЫ

Қазақстанда YNTYMAQ-тан өзге де тіркеле алмай жүрген партиялар бар. Олардың кейбірі тіпті Әділет министрлігіне 20-дан аса өтініш түсіргенмен, рұқсат ала алмаған. Билік көбіне "тізім талапқа сай емес" деп, құжаттарын кері қайтарады.

2022 жылдың көктемінде оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин "Алға, Қазақстан" партиясын құратынын мәлімдеді. Бірден құжаттарын жинап, Әділет министрлігіне өтініш берген. Көзі тірісінде бірнеше рет Астанаға келіп, наразылық акциясына қатысқан.

2023 жылы Жасарал Қуанышәлин өмірден өтті. Жақтастары партия құру талпынысын жалғастыра берді. Әділет министрлігіне 30-ға жуық барып, құжат тапсырды. Бірақ ведомство өтініштерін қабылдамады. Әркез тізімдегі адамдардың дерегі күмәнді, арасында "қайтыс болған, кәмелетке толмағандар мен шетел азаматтары" бар, "тізім талапқа сай емес" деп бас тартып келеді.

2023 жылы партияның жаңа жетекшісі, марафоншы әрі азаматтық белсенді Марат Жыланбаев ұсталды. "Экстремистік ұйым ісіне араласты" деген айып бойынша Астана соты оған 7 жыл түрме жазасын кескен. Жыланбаев айыпты мойындамады. Бұдан бөлек ұйымның белді мүшелері де әркез қудаланып, жауапқа тартылып келеді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Марафоншы". Марат Жыланбаев туралы деректі фильм


Партия құруға талпынған тағы бір ұйым – "Ел тірегі". Кезінде биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі, депутат болған Нұржан Әлтаев 2021 жылдың басында жеке саяси партия құратынын мәлімдеді. Бастамашыл топ әділет министрлігіне бірнеше мәрте өтініш бергенмен, құжаттары "талапқа сай емес" делініп, қабылданбады.

Араға бір салып бастамашыл топ жетекшісі Нұржан Әлтаев ұсталды. Оған "аса ірі мөлшерде пара алды" деген айып тағылып, кейін Астана соты 10 жыл бас бостандығынан айырған. Әлтаев та айыпты мойындамады, мұның саяси астары бар деп мәлімдеген.

Қазақстанда партия ретінде тіркеле алмай жүргендердің бірі – "Атажұрт". Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп танылған қоғамдық ұйым саяси партия құру әрекетін 2023 жылы бастады. Әділет министрлігіне бірнеше рет құжат тапсырса да, рұқсат ала алмады. Кейін ұйым мүшелері де түрлі қысымға тап болды. Кейбірі ұсталды, қамалды. Айыппұл арқалады. Бірақ осы күнге дейін Қазақстан билігі "Атажұрт" партиясын сол күйі тіркемеді.

Қазірге дейін елде түрлі топтар мен белсенділер партия құруға ниеттенді. Солардың арасында – оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясы", қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың "Намыс", Олжас Сүлейменов бастаған "Қазақстанның халық конгресі" тобы да бар. Бұдан бөлек "Халық дербестігі", HAQ, "Еркін халық", "Біздің құқық", "Жанашыр", "Еңбек", "Алаш Орда" сынды тағы бірнеше топ партия құрмаққа талпынды. Бірақ ешбірі әлі ресми тіркелмеді.

Ресми Астана партия құрғысы келетіндерді алалау жоқ деп, ұйымдардың тіркеле алмауынан саяси астар іздемеуге шақырған. Қазіргі мәжілістегі кей депутаттар Тоқаев тұсында саяси партия тіркеу талабы едәуір жеңілдегенін, тіркеу жұмысының сәтсіз аяқталғаны ұйымдастырушылардың өзінен дейді.

Дегенмен, Ақорда саясатын ашық қолдайтын кейбір топ партия құруға қол жеткізді. Олар "Байтақ" жасылдар партиясы мен "Республика" партиясы. Кейінгісіне 2023 жылы наурыздағы парламент сайлауында мәжілістен алты мандат тиді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Классикалық үлгідегі саяси партия қалыптаспады". Дос Көшімнің қос сұхбаты