Қазақстанда тамызда 27 мың адам ҰБТ тапсырған

Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тест тапсырмаларын орындап отыр (ресми сайтта жарияланған фото)

Қазақстанда тамыз айында 27 мыңнан астам адам Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) сынағын тапсырған. Мұны елдің Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, сынақ тапсырмасын орындаған талапкерлердің 53 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл – 55 балл, ал ең жоғары балл – 136 болған. ҰБТ тапсыруға ерекше білім беруді қажет ететін 98 талапкер қатысқан.

Ұлттық бірыңғай тест форматы бойынша талапкерге 120 тапсырманы орындауға төрт сағат (240 минут) уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажет ететін жандарға қосымша 40 минут беру қарастырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі тамыздағы ҰБТ өткізу барысында оның ережесін бұзған 66 жайт анықталғанын айтады. Оның ішінде смартфон және басқа да тыйым салынған заттарды тест өтетін жерге өзімен бірге алып кірмек болған 30 талапкер сынақ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тест тапсыру кезінде ережелерді бұзғаны үшін 36 адам аудиториядан шығарылған.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі, тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ол талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады деп ескертті министрлік.

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тест алғаш 2004 жылы енгізілген. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елде кейінгі 22 жылда 3 млн 93 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Талапкерлер ҰБТ-ны бір рет қана тапсырмақ. Бұл оқушыларға қалай әсер етеді?