Қазақстанда атауында ру-тайпа аттары бар не қызметінде "рулық-тайпалық құрылыстарға қатыстылығы көрсетілетін" коммерциялық ұйымдардың жұмысына шектеу қоятын ережелер әзірленіп жатыр. Бұл жөнінде мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Заңға енгізілетін түзетулер қазір мемлекеттік органдарда қаралып жатыр дейді үкімет басшысы.
"Атап айтқанда, атауы немесе қызметі рулық-тайпалық құрылымдарға қатыстылығын көрсететін немесе заңнамаға қайшы келетін коммерциялық емес ұйымдарды құруға тыйым салу; республикалық мәртебесін растау талаптарын күшейту; бірлестіктерді жабуға негіз болатын нақты себептерді белгілеу қарастырылған", – делінген Бектенов жауабында. Премьердің сөзін "ҚазТАГ" агенттігі келтіреді.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қосымша шара ретінде заңды тұлғалардың атауларында мемлекеттік органдармен немесе олардың функцияларымен байланыс тудыратын белгілерді пайдалануға жол бермеу де қарастырылған.
"Ұсынылып отырған шаралар алдын алу сипатына ие және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, қоғамдық бірлестіктер қызметінің ашықтығын арттыруға, бірігу құқығын асыра пайдалануға жол бермеуге, сондай-ақ қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған", – деді премьер-министр.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына шектеу көп екенін, билік органдары заң тетіктерін пайдаланып, коммерциялық емес ұйымдардың жұмысына кедергі жасайтынын айтады.
2025 жылы желтоқсанда Қазақстанда "Руың кім?" деп аталатын фильм дау тудырып, кейін прокаттан алынған. Сол тұста мәжілістегі "Аманат" партиясы фракциясының депутаты Ерлан Сайыров қоғамда белең алған "рушылдық" мәселесін көтеріп, премьер-министрдің атына сауал жолдаған. Ол жастар арасында кино мен медиаконтенттің тәрбиелік мәні зор екенін ескертіп, жікке бөліну мемлекет үшін де "қауіпті құбылыс" деген.
Депутат Сайыров мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы комиссия құрып, прокатқа шығатын фильмдерге мазмұндық, көркемдік-эстетикалық, идеологиялық тұрғыдан сараптама жасау қажет деді.
Ал "Руың кім?" фильмінің сценарисі Нұржан Еркінұлы мұны "цензура" деп бағалаған. Оның айтуынша, бұл сын – өзге шығармашылық адамдарына көрсетілген сес.