Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін жинақ иесінің зейнетақы қорындағы шотында міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшерін ("жеткілікті шек") көтеру жоспарланып отыр. Бұл жөнінде 26 наурызда Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, кейінгі бес жылда қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан шамамен 5 триллион теңге алған. Оның елеулі бөлігін жастар алыпты.
"Санаттар бойынша қарасақ, 20-35 жас аралығындағы жас азаматтар шамамен 1 триллион теңге [жинақ шотынан] алған", – деді Ертаев.
Осыған байланысты министрлік "жеткілікті шекті" қайта қарау үшін үкімет қаулысы жобасын әзірлеген. Жаңа формула бойынша, бұл шек былтырғымен салыстырғанда жоғары болмақ.
"Былтыр шек шартты түрде 2 миллион теңге болса, биыл оған инфляция және қосымша 2% үстеме қосылады", – деді министр.
"Жеткілікті шекті" сәуір айынан бастап көтеру жоспарланып отыр. Нәтижесінде жинақ шотында жеткілікті қаражаты бар азаматтар ғана зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын болады. БАҚ мәліметінше, олар бұл қаражатты емделуге немесе несиесін өтеуге пайдалана алады.
Қазақстанда бұл алғаш рет жасалғалы отырған жоқ. 2021 жылғы желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған шек шамамен екі есеге өсетінін хабарлаған. Алайда әлеуметтік желілердегі наразылықтар мен бірнеше жалғыз адам пикетінен кейін билік алдыңғы белгіленген шектің қолданылу мерзімін 2022 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартқан. Қазіргі "жеткілікті шек" 2022 жылдан бері қолданыста.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандықтардың зейнетақы жинағын инфляция жалмап жатыр2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының "жеткілікті шегінен" асатын бөлігін алуға рұқсат берілген. Азаматтар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, тісін емдетуге және бағалы қағаздарға инвестиция салуға пайдалана алатын.
2025 жылғы қыркүйекте Қаржы мониторингі агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан стоматологиялық қызметтер көрсетілді деген желеумен 200 миллиард теңге негізсіз алынғанын мәлімдеді. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тіс емдеуге жаңа өтініш қабылдауды тоқтатып, биылдан бастап зейнетақы жинақтарын ем-домға жұмсауға тыйым салынды. Билік халыққа зейнетақы жинақтарын тісін емдетуге пайдалануға биылғы жылдың екінші жартысында тағы да рұқсат беріледі деп уәде еткен.