Қазақстанда желіде бейпіл сөз айтқан 20-дан астам стример жауапқа тартылған

Көрнекі сурет.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) интернет пен әлеуметтік желіде бейпіл сөз айтқаны үшін 20-дан астам стримерді әкімшілік жауапқа тартқан. Полицияның хабарлауынша, олардың кейбірі әкімшілік қамауға алынып, кейбіріне айыппұл салынған.

"Көп қаралым, лайк және донат жинауды көздеген олар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Мұндай контенттің күн сайын кең аудиторияға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады" деген ІІМ ресми медиаресурсы Polisia.kz сайтында жариялаған ақпаратта.

Полиция Қазақстанның бірнеше өңірінде әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, әдепсіз қылық жасаған азаматтарды мысалға келтірген. Мәселен, Павлодар қаласында 26 жастағы азамат қауіпсіздік белдігін тақпастан автокөлік айдап келе жатып тікелей эфирге қосылып, балағат сөздер айтқан. Ол бұл қылығы үшін сот шешімімен 20 күнге әкімшілік қамауға алынған.

ІІМ бұл шараларды желідегі "заңға қарсы контенттермен" күресу және "цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту" деп түсіндірген.

Қазақстанда 2023 жылдың басынан бастап қоғамдық орындарда бейпіл сөйлеп, балағаттау сынды ұсақ бұзақылыққа жататын іс-әрекеттер үшін жауапкершілік күшейтілген: айыппұл мөлшері көбейтіліп, әкімшілік қамауға алу мерзімі ұлғайтылған.