Қазақстандағы заңсыз темекі: базарда 450 теңгеге сатылатын күмәнді өнім қайдан келеді?

Қазақстанда темекі қорабының ең төменгі заңды бағасы 1060 теңге болғанымен, Алматы базарларында екі есе арзанға күмәнді өнім еркін сатылып жатыр. Cатушылар оны делдалдардан алатынын, ал көтерме бағамен саудалайтындар заңсыз темекі Қырғызстан арқылы келетінін айтады. Үкімет күресіп жатырмыз дейді.

Қазақстанда үкімет белгілеген ең төменгі бағасы 1060 теңге тұратын бір қорап темекіні Алматы базарында 450 теңгеден де сатып алуға болады. Бірақ олар – акцизі жоқ, күмәнді өнімдер. Қаржы мониторингі агенттігі жыл сайын елде миллиондаған қорап темекі тәркілейді, алайда базарда заңсыз өнім сату тыйылған жоқ. Азаттық Алматыдағы базарларды аралап көргенде ондай тауар табу аса қиын емес екенін аңғарды.

Қазақстан бюджеті темекі контрабандасы кесірінен миллиардтаған қаражаттан қағылып отыр. Бұған ресми сот істері дәлел. Заңсыз темекі Қазақстанға қайдан әкелініп жатыр? Миллиондаған қорап темекі тәркіленіп жатса да, неге базарларда заңсыз өнім ашық сатылып жатыр? Азаттық осы мәселеге зер салып көрді.

Your browser doesn’t support HTML5

450 теңгелік темекі Қазақстан базарларына қайдан келіп жатыр?

ЗАҢСЫЗ ТЕМЕКІ САУДАСЫ

Алматы базарларында шығу тегі белгісіз, күмәнді темекілер оңай сатылып жатыр. Азаттық кемі төрт базарға барып көрді. Онда 20 тал темекіден тұратын бір қорап 450-500 теңгеден сатылып жатыр. Сыртында ешқандай акциз маркасы жоқ. Мұндай өнім – заңға қайшы.

Қазақстанда темекіге қойылған шекті баға бар. Биыл 1 тамыздан бастап Қаржы министрлігі бекіткен 20 тал темекінің ең төмен бағасы – 1060 теңге. Яғни, дүкенде заңды түрде сатылатын бір қорап темекі құны осыдан арзан болмауға тиіс.

Алматыда көргеніміз бір базар не қалаға ғана тән жағдай емес. Қазақстанның басқа өңірлеріндегі базарлардан да заңсыз айналымдағы темекі оңай табылады. Бұған блогер Кирилл Павловтың көзі жеткен. Ол Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау сияқты тағы басқа ірі қалалардың орталық базарларын аралаған.

Темекінің заңсыз айналымда екенін арзан бағасына және штрих кодына қарап білуге болады. Ол үшін Egov mobile қосымшасына кіріп, сондағы Naqty onim деген қызмет арқылы тексеруге мүмкіндік бар. Кез келген темекіде штрих код болады. Сол кодты сканерлейтін болсаңыз қолыңыздағы темекі туралы барлық ақпарат – өнімнің шыққан жері, тауар коды, бәрі шығады.

Ал сыртындағы штрих код арқылы тексерген кезде ешқандай ақпарат шықпаса, онда бұл күмәнді өнім, демек, нарықта заңсыз сатылып жатыр деген сөз.

Азаттық сөйлескен саудагерлер тауарды қайдан әкелінгенін нақты білмейміз дейді. Ешбірі видеоға не аудиотаспаға сұхбат беруге келіспеді. Тек ауызекі әңгімеде ғана кейбір сұраққа жауап берді. Кейбірі оның қайдан әкеленетінін білмейтінін айтады. Оларға делдалдар әкеліп, көтерме бағамен сатады.

Мысалы, олар бір қорап темекіні базарда 500 теңгеге сатып тұрса, "делдалдан 250-300 теңгеден аламыз" дейді. Ал тағы бір саудагердің айтуынша, тауар базардың артқы жағына жүк көлігімен жеткізіледі, сол жерден блогын 3300–4000 теңгеге сатып алады. Оны өздері 5000-5500 теңгеге сатады. Салыстыру үшін айтайық, Алматы базарларында заңды өнім сатып тұрған дүкендерде ең арзан темекінің бір блогы 11 мың теңге тұрады.

ҚЫРҒЫЗСТАН АРҚЫЛЫ ЖЕТЕТІН КҮМӘНДІ ӨНІМ

Көтерме бағамен сауда жасайтындар тауар Қырғызстан жақтан келетінін айтты. Заңсыз айналымдағы темекі нарығын зерттеп жүрген блогер Кирилл Павловтың сөзінше, қазір Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде заңсыз сатылып жатқан темекі өнімдері негізінен Қырғызстан шекарасы арқылы өтіп келеді.

– Мендегі ақпарат бойынша, Қырғызстан – бұл өнімді ірі көлемде көтерме сататын тарап қана. Ең танымал сауда маркасы – Oris. Оған қатысты "Біріккен Араб Әмірліктерінен келеді" деген аңыз бар, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Біздің Жамбыл облысының шекарасында бауырлас елмен арадағы өткізу бекеттерінде ұсталған тауарларға қатысты жағдайларды көріп жүрміз. Онда әлсін-әлсін осы өнім қораптардың арасынан немесе жасырын орындардан табылып жатады. Біздегі мәлімет бойынша, бұл өнім бізге дәл Қырғызстанмен шекара арқылы заңсыз жолмен өтіп келеді. Мұны талдау деректері де растайды. Көтерме сауда бойынша ұсыныстардың барлығы негізінен Қордай, Қарасу сияқты шекараға жақын елді мекендерде шоғырланған. Ал нарықтағы ең үлкен үлес, қалай болғанда да оңтүстік өңірлерге тиесілі: Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстары, – дейді агросарапшы, блогер Кирилл Павлов.

Контрабандалық жолмен тасымалданған темекі өнімдері (көрнекі сурет)

Кейінгі уақыттағы Қырғызстандағы қылмыстық істер де бұл бағытта заңсыз тасымал барын көрсетеді. Былтыр Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) бірнеше жылдан бері заңсыз әрекетпен айналысқан трансұлттық топты анықтады. Қырғыз билігінің мәліметінше, осы топ өткізген темекілер кейін Қазақстан аумағында кеден төлемінсіз сатылған.

Ал биыл 16 мамырда Қырғызстанның ҰҚМК шетелде өндірілген темекі өнімдерін контрабандалық жолмен тасымалдаған топты ұстады. Іске қатысы бар адамдардың арасында Шекара қызметінің өкілдері болған.

Базарларда көзге түскен Oris, Zumerret маркалы темекілердің қаптамасында "Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалған" деген жазу бар. Ашық ақпаратқа қарағанда, аталған темекі маркаларының зауыттары Дубайда орналасқан. Алайда нақты Қырғызстан шекарасы арқылы өткен бұл темекілер Дубайда емес, басқа елде астыртын цехта жасалады деген ақпарат бар. Бұған қазақстандық қауымдастық жүргізген зерттеу жанама дәлел. Олар елдің Қырғызстанмен шекаралас аймағында тәркіленген темекінің көшірме өнім екенін анықтаған.

Зерттеуді Қазақстандағы Адам денсаулығына қауіпті факторларының зиянын азайту жөніндегі ұлттық "Денсаулық" қауымдастығының тапсырысымен "Бүкілресейлік темекі өнімдерін ғылыми-зерттеу институты жүргізген. Олар Oris, Zumerret маркалы темекілерден сынама алып, физика-химиялық сараптама жасаған. Сынамаға берілген темекі үлгілері "заңсыз өндірілген, фальсификат өнім" деп танылған.

Зертхана қорытындысына сәйкес, бұл темекілер Кеден одағының техникалық регламентінің оннан астам міндетті талабын бұзған. Oris үлгісінің құрамында хлордың мөлшері 1,5% екені анықталды, яғни қалыпты мөлшерден екі еседей көп. Бұл көрсеткіш темекінің сапасыз, химиялық жолмен өңделген арзан шикізаттан және астыртын цехтарда жасалғанының басты дәлелі. Заңды өндірілген Oris-те бұл көрсеткіш – 0,7%. Халықаралық стандарт бойынша, жалпы темекідегі хлор мөлшері 1%-дан аспағаны жөн.

Ал Zumerret темекісінде сүзгінің желдету саңылауы жабық екені анықталды. Тексерілген үлгілердегі желдету көрсеткіші 4%-дан 34%-ға дейін болған. Ол темекінің зиян заттарды ұстап қалу деңгейі төмен дегенді білдіреді.

Қаржы мониторинг агенттігі тәркіленген темекі өнімдері негізінен қай елде өндірілетінін айта алмады. Азаттыққа берген жауабында "өндіруші елдер қылмыстық тергеп-тексеру шеңберінде, сот сараптамаларын тағайындау арқылы анықталады" деп қысқа қайырған.

Oris маркалы темекінің бірнеше түрі бар. Қаржы мониторинг агенттігінің дерегінше, Oris-тің бүгінге кейін кемі алты түрі тәркіленген. Олардың қаптамасында "Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалған. Сауда маркасының Германиядағы иесімен келісім негізінде шығарылған" деп жазылған.

Қаржы мониторингі агенттігі тәркілеген темекі маркаларының географиясы кең. Тізімде Дубайдағы еркін экономика аймағында шығатын Oris, Milano, Mondeo сияқты танымал брендтерден бастап, Еуропа мен Азияның алпауыт трансұлттық компанияларына тиесілі Winston немесе Craven (Крейвен) сияқты сауда маркалары бар. Бәрінің заңды өндірушілері бар, бірақ Қазақстан нарығына салық төленбей, астыртын транзитпен немесе фальсификат түрінде кіреді. Елге контрабандамен әкелінгені ресми зауытта шығарылған өнім бе, заңсыз цехта жасалған темекі ме, ол жағы анық емес.

Алайда Қазақстанда заңсыз таралған темекі өндірісінің басым бөлігі БАӘ-ге тіреледі. Өйткені Дубайдағы Жебел-Әли еркін экономика аймағында (Jebel Ali Free Zone) темекі өндірісі жолға қойылған. Бұл еркін аймақта компанияларға салық жеңілдігі жасалады, кеден бақылауы арнайы тәртіппен жұмыс істейді.

ДУБАЙДАН ҚАЗАҚСТАНҒА: КОНТРАБАНДА СХЕМАСЫ

Дубайдағы Жебел-Әли еркін экономика аймағында заңды түрде өндірілген темекі өнімдерінің Қазақстанға астыртын жеткізілгенін былтыр Ақтөбе әскери сотында қаралған іс те дәлелдейді.

Заңсыз бизнес схемасы Біріккен Араб Әмірліктерінен бастау алған. Сот құжаттарына сәйкес, Дубайдағы зауыттан шыққан миллиондаған қорап темекі контейнерлерге тиеліп, Түркіменстан арқылы Қазақстан шекарасындағы "Темір баба" өткізу пунктіне таяу орналасқан бейтарап аймаққа жеткізіледі. Құжат бойынша, жүк қожайыны ретінде мүлде жұмыс істемейтін жалған компания көрсетілген. Ал шекарадан әрі қарай өткізуге Қазақстанның шекара қызметінде істейтін лауазымды тұлғалар көмектескен.

Жүкті елге кіргізу үшін әуелі "Даля" шекара бекетінің басшылары түнде бейнебақылау камералары мен радарларды өшіріп, шекарада қарауылда тұрған сарбаздарды басқа жаққа ауыстырған. Арнайы №078 қызметтік қақпаны ашып беріп, түн жарымында қазақстандық жүк көліктерін бейтарап аймаққа өткізіп, контейнерлерді кеден бақылауынсыз елге кіргізіп отырған. Осылайша шекарадан толық 23 контейнер, ақшалай есептегенде 9,1 миллиард теңгенің темекісі заңсыз өткізілген.

Тәркіленген темекілердің атауы ORIS екені және оның сүзгіден өткені, яғни зауыттан дайын күйінде шыққан өнім екені айтылған. Сот сараптамасы кезінде Дубайдан келген осы темекілердің бір қорабының құны 380 теңгеге бағаланған, яғни, жеткізушілер тауарды осындай өте арзан бағамен түсірген.

Сотта мамандар "осы темекі шекарадан заңды түрде өтсе, мемлекетке төленетен міндетті салығы мен баж сомасы 424 теңге болар еді" деп жауап берген. Сонда бір қорап темекінің шекарадан заңды өткеннен кейінгі құны 804 теңге болмақ:

380 теңге (өзіндік құны) + 424 теңге (салықтар мен баж) = 804 теңге

Сот мемлекетке төленбей қалған 9,6 миллиард теңгеден астам кеден алымын істі болған 10 адамның мойнына ілді. Олардың меншігіндегі мүліктерін тәркіледі. Сотталғандардың төртеуі – Шекара қызметінің әскери қызметшілері. Олар 7-8 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды. Төрт жүк көлігін жүргізушінің бас бостандығы 3-3,5 жылға шектелді, қалған логистикамен айналысатын екі кәсіпкердің әрқайсысы 5 жыл мерзімге түрме қамалды.

Ақтөбенің әскери соты 2025 жылғы қазанда үкім шығарған ірі контрабандалық істе ең басты сұрақ жауапсыз қалған. Тауарды Дубайдан шығарып, Қазақстан шекарасына дейін жеткізген, қомақты ақшаны айналдырған бастапқы контрабанда ұйымдастырушысы сотта да, тергеуде де "анықталмаған тұлға" болып қалды.

Қаржы мониторингі агенттігінің Азаттыққа берген мәліметінше, биылдың өзінде заңсыз айналымнан 4,9 миллион қорап темекі тәркіленген. Оның жалпы құны – 4,7 миллиард теңге.

Ал заңсыз темекіге қатысты тіркелген қылмыс саны кейінгі үш жылда тоқтаусыз өсіп отырған:

2023 жылы – 45 іс;

2024 жылы – 52 іс;

2025 жылы – 63 іс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі тұтынуды азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі – салықты көтеріп, темекіні қымбаттату деп санайды. Сол кезде темекі халықтың қалтасына артық салмақ салатын тауарға айнала түседі. Алайда ұйым салықтың өсуі контрабанданы міндетті түрде көбейтеді деген пікірге келіспейді. Ұйым заңсыз саудамен бағаны төмендету арқылы емес, жеткізу тізбегін бақылау, тауарды таңбалау және құқық қорғау шаралары арқылы күресуді ұсынады.

Темекі адам денсаулығына аса зиян екенін меңзейтін инсталляция

Дегенмен қазір құзырлы органдар темекі контрабандасына қарсы тұрақты күрес жүргізіп, миллиондаған қорап өнімді тәркілеп жатса да, заңсыз айналымдағы темекіні базардан табу іздеген адамға аса қиындық тудырмайды.

Азаттық осы фактіні Қаржы мониторинг агенттігіне хабарлап, мұндай сауданы анықтау және тоқтату үшін қандай шаралар қабылданып жатыр деп сұраған. Агенттік "ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталып, істері сотқа жеткізіліп жатыр, жұмыс жалғаса береді" деген жауаппен шектелді.