Қазақстандық Airan YouTube-арнасы хабар таратуды тоқтатты

Қазақстандық AIRAN YouTube-арнасы хабар таратуды тоқтатты. Бұл жөнінде Forbes Kazakhstan жазды.

Арнаның YouTube парақшасы және өзге желілердегі парақшалары соңғы рет 12 наурызда жаңаланған. Оның алдында жобаның парақшалары күн сайын жаңартылып отырған.

Airan_media-ның бас редакторы Дәурен Мерекеев редакцияда уақытша қиындықтар туындағанын растады. Оның сөзінше, қазір редакция мәселенің шешімін табуға тырысып жатыр және келіссөз жүргізіп жатыр.

"Әзірге жай-жапсарын айта алмаймын, қазір осы қиындықтарды барынша шешу керек, аудитория үшін де, ұжым үшін де маңызды шара қолдану керек. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз, бүгін және демалыс күндері мәселе шешіліп қалар" деді Мерекеев 27 наурызда.

Airan - видеожурналистика, журналистік зерттеу және ағарту бағытындағы контент жариялаумен айналысатын тәуелсіз қазақстандық диджитал-жоба.

Орыс тілінде хабар тарататын YouTube-парақшасында 1,18 млн жазылушы бар. Қазақша жағындағы көрермендердің саны 118 мыңнан асқан.